Қазақстан Ресейдің орнына Еуропалық Кеңеске кіруі мүмкін - Exclusive
Поддержать

Қазақстан Ресейдің орнына Еуропалық Кеңеске кіруі мүмкін

Қазақстанды аймақтағы нағыз тұрақтылық аралына айналдыруда екпінді дамыған азаматтық қоғамның шешуші рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл туралы exclusive.kz сайтына берген сұхбатында Еуропарламенттің Азия, Австралия және Жаңа Зеландия бойынша бөлім жетекшісі, сондай-ақ Орталық Азия және Ауғанстан бойынша референт Никколо Ринальди мәлімдеді.

– Украинадағы соғыс пен одан кейін орын алған энергетикалық дағдарыс Еуропаға Қазақстан мен Орталық Азияның бар екенін еске салды деп айта аламыз ба? Соғысқа байланысты біздің аймақтың еуропалық саясаттағы маңызы қалай өзгерді?

– Ең әуелі ЕО, Орталық Азия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды пассивті деп атауға болмайды деп ойлаймын. Қазақстан мен оған көршілес жатқан елдер өзге аймақтармен салыстырғанда ешқашан «ұмытылған» емес. Керісінше, көптеген жылдар бойы біздің елдеріміз арасында көптеген тиімді бағдарламалардың жұмыс істегені белгілі. Кейбіреулер Орталық Азия біраз уақыттан бері жабық аймақ болды және Қытаймен немесе Үндістанмен салыстырғанда стратегиялық маңызы аз болды деп дауласуы да бек мүмкін. Алайда, қалай болғанда да Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мұндай қызығушылықты одан әрі арттыра түсті.

– Еуроодақтың біздің аймақтан қандай да бір  қадамдар күтетінін жақсы түсінеміз. Нақты қандай қадамдар?

– Украинадағы соғыс Орталық Азияға Мәскеудің негізгі серіктесі және стратегиялық одақтасы болып қалу немесе Еуроодақпен байланыстарды кеңейту сияқты таңдауды ұсынып, көптеген қатынастардың мәнін көрсетіп берді. Біз мұның оңай таңдау емес екенін түсінеміз. Мәселен, Моңғолия Еуроодақтың, тіпті НАТО-ның, сондай-ақ бір уақытта Кремльдің серіктесі болып табылады. Дәл осындай жағдай қаңтар оқиғасына байланысты Қазақстан жерінде ҰҚШҰ әскерін енгізген кезде де орын алды, бұл ретте сіздер Еуроодақтың серіктесі болып қала бересіздер. Дейтұрғанмен, Украинадағы соғыс аймаққа таңдау мүмкіндігін ұсынып отыр, ендігі жерде қос позицияны сақтау оңай шаруа емес екені бесенеден белгілі. Айта кетейін, мәселе Ресеймен, оның қоғамымен және экономикасымен әріптестікте болу жайында емес. Бұл Кремльдегі қазіргі билік пен Путин арасындағы, сондай-ақ Еуроодақ пен оның демократиялық жүйесі арасындағы таңдау. Ал таңдаудың түрлі құндылықтар жүйелері арасында болатыны белгілі.

– Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанға қарағанда, Ресеймен ең үлкен ортақ шекараға ие, осылайша жүзеге асырылып отырған  іс-әрекеттер барған сайын сәйкессіздік сипатқа ие бола түсуде. Ресеймен арадағы гипотетикалық алшақтық біз үшін экономикалық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік апатты да білдіреді. Осындай нәзік келетін тепе-теңдікті сақтау үшін не істеуге болады?

– Біз мұндай жағдайды түсініп отырмыз. Мен бұған осы жылдың сәуір айында Қазақстанда болған кезімде көз жеткізген болатынмын. Сонымен бірге, ЕО Қазақстанның Ресей режимімен, әсіресе әскери салада ешқандай әскери ынтымақтастық орнатпайтыны және Путинге санкциялардан қашып құтылуға көмектеспейтіні туралы нақты ұстанымын көргісі келеді. Екінші жағынан, ЕО Қазақстанға Ресейге қарсы санкциялардың әсерін азайтуға көмектесуге дайын. Сонымен қатар, біз Ресейдің Қазақстанға және бүкіл Орталық Азияға бұрынғыдан да мұқтаж екенін жақсы түсінеміз. Әсіресе, Украинаға қарсы соғыста жеңіліп жатқан Путин Орталық Азияны да жоғалтқысы келмейді. Мәселе еуропалық мұраның негізгі бөлігі болып табылатын орыс мәдениеті, орыс халқы және тарихы туралы емес. Мен Қазақстанның алдында тұрған таңдау туралы айтатын болсам, бұл авторитарлық олигархиялық режим мен Еуропалық демократия арасындағы таңдау. Бұл нақты таңдау және сіздің қоғамыңыз мұны жақсы түсінеді.

Мәселен, Брюссельде Еуроодақтың кейбір мүшелері Қазақстан күндердің күнінде Еуропа Кеңес құрамына қосылып, Еуропалық Адам құқықтары сотының юрисдикциясына бағынып, мәселен, спорттық немесе мәдени іс-шаралар саласында болып жатқан өзгерістер сияқты  еуропалық әлемнің кең ауқымды бөлігі бола алады сендіре түсуде. Қазір Ресейдің Еуропа Кеңесінен шыққаны белгілі, ал болжам бойынша оның орнын Қазақстан басуы әбден мүмкін. Ал жаңарған Ресей бір күні бұған қайтып оралады деп үміттенемін. Өзге еуропалық институттар туралы да солай деуге болады. Алайда, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін сіздің институттарыңызға маңызды үй тапсырмасын орындауға тура келеді.

–  Қазақстан өзінің басым бағыттарын шешкен уақытта, сөйтіп Ресейден алыстаған жағдайда Еуропа қашан және қандай көмек көрсете алады?

–  Еуроодақ –  негізінен қамқор күш саналады. Біз ынтымақтастықтың бірнеше түрін ұсынамыз – саудадан инвестицияға дейін, адамдар арасындағы байланыстан мәдениетке дейін. Украина оқиғасы көрсетіп отырғандай, қауіпсіздікке қатер төнген кезде ЕО ең жақын серіктестерінен бас тартпайды. Керісінше көмек қолын ұсынады. Бірақ бұл да қазақстандық қоғамның қатысуы мен ұстанымына байланысты. Пікірлес адамдар неғұрлым көп болса, біз дамыта алатын ынтымақтастық соғұрлым тереңірек болады, бұған Жапониямен немесе Оңтүстік Кореямен, сондай – ақ жақында Моңғолиямен жасалған стратегиялық байланыстар дәлел бола алады. Сондай-ақ, Қазақстан аумағының бір бөлігі Еуропа континентінде жатқанын және энергия ресурстарының маңызды жеткізушісі болып табылатынын ескерген жөн. Қазақстан әрқашан Еуропалық Одақтың сенімді сауда серіктесі болғанын айта кету керек. Еуропарламентте Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселесі бойынша ұзақ талқылау жүргізіліп жатқанын, бұл біздің азаматтарымызды  жақындастырудың маңызды элементі болатынын баса  айтқым келеді.

– Менталитет жайында: exclusive.kz жақында біздің қоғам қандай елдермен ынтымақтастық жасағысы келетіні жөнінде социологиялық зерттеу жүргізген болатын. Зерттеуге қатысқандардың 63%-ы Орталық Азиямен және түркі мемлекеттерімен интеграцияны қолдаса, 60%-ы Ресеймен интеграцияны қолдап отыр. Еуропамен интеграцияны жақтайтындар 42%, мұны әсіресе жастар жағы қолдап отыр. Сіздің ойыңызша, аймақтық интеграция негізгі векторға айналуы мүмкін бе? Бұл Еуропамен интеграциялану векторына қайшы келе ме?

– Біріншіден, менің ойымша, Еуропамен интеграцияланудың 42%-ы қазірдің өзінде керемет бастама болып табылады және әсіресе жастар үшін өте маңызды. Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты қолдауда ЕО-ның стратегиялық таңдауына ешқандай қайшылық жоқ. Кейбіреулер тіпті ЕО-ны Орталық Азияға жалпы аймақ ретінде шамадан тыс назар аударғаны үшін сынға алады. Дегенмен, аймақтық ынтымақтастық тұрақтылық пен байлықтың негізі болып табылады, бұл ЕО тәжірибесін де дәлелдейтіні сөзсіз.

ЕО-ның жаңа стратегиясы әрқайсысының ерекшеліктерін ескере отырып, сіздің елдеріңіз арасындағы ынтымақтастық үшін одан да ашық бола түсуде. Өкінішке орай, Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық әрдайым бірқалыпты жүре бермейді, оны Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралық проблемалар және Түркіменстанның әлі де жабық саясаты бойынша бағалауға болады.

Бірақ Қазақстандықтардың интеграциялық қалауы туралы сауалнамаңызға қайта оралуға рұқсат етіңіз. Біз Брюссельде Азиядан келген студенттермен кездескенде, кейде олар да ЕО-ны сынап жатады, бұл қалыпты жағдай, бәлкім біз басқалар сияқты шамадан тыс бюрократиялық және қайшылықтары бар аяқталмаған жоба саналатын болармыз.

Алайда, бір қызығы, біз студенттерден туған жерінен басқа қандай елде туылғанын қалайтындарын сұраған уақытта, кез келген Азия немесе Араб елдерінде, тіпті Америка Құрама Штаттарында туылғанды ​​қалайтындардың саны аз екенін байқадық. Кейде Канаданы немесе Австралияны атайды. Бірақ көпшілігі Еуропаның қандай да бір елінде туылғанын қалаймын деп жауап береді. Бұл қазақстандық студенттерге де қатысты: олар Қазақстаннан кейін Еуропа елінің азаматы болғанды жөн көремін деп жауап береді. Ресейде немесе Қытайда туылғым келеді деп айтқан адамдар туралы есімде жоқ. Яғни, біздің барлық проблемаларымызға қарамастан, еуропалық қоғам жастар арасында өзінің сүйкімділігін сақтап қалды, демек, Қазақстан да еуропалық өркениеттің бір бөлігі болып табылады деген сөз.

– Шынында да, еуропалық құндылықтар демократия мен адам құқығымен тығыз байланысты. Осы тұрғыда Президентіміздің кезектен тыс сайлауы туралы шешімін саяси жаңғырту, саяси партияларды тіркеу туралы заңнама тұрғысынан алғанда қалай бағалар едіңіз…

– Біз былайша айтқанда, қазіргі президенттің «жоғары ықтималдықпен» сайланатынын жақсы білеміз. Сонымен бірге, біз үшін белгілі бір плюрализмге қол жеткізуге мүмкіндік беретін нақты оппозицияның дауысымен президенттік және заң шығарушы сайлаудың барынша ашықтығын көру өте маңызды. Мұның барлығы шынайы демократияны қамтамасыз ету үшін қажетті тәуелсіз сот жүйесі мен құқықтық жүйенің элементтері.

– Сіз сайлаудың іс жүзінде баламасыз өтетініне таңғалмайсыз ба?

– Біз сіздің елде болып жатқан оқиғаларға көз жұматындай аңғал емеспіз. Мәселен, Еуропарламент қарарында толық заңды оппозиция болып саналатын саяси партиялар әлі де «экстремистік» болып саналады және Қазақстанда тыйым салынған. Біз Қазақстанның көптеген құқық қорғаушыларымен қарым-қатынас жасаймыз, адам құқықтарының бұзылу фактілері жайлы хабардармыз. Бірақ бұған дейінгі жағдаймен салыстырғанда, Қазақстан билігімен байланыс жасау деңгейінде бірқатар ілгерілеушілік байқалады.  Бірнеше жыл бұрын кейбір тақырыптар туралы сөз қозғауға жай ғана тыйым салынған болса, ал қазір біз кез келген тақырып жайында әңгімелесе аламыз. Біз сондай-ақ Қазақстанда азаматтық қоғамның қаншалықты белсенді бола түскенін көріп отырмыз және біз сіздің құқық қорғаушыларыңызбен жұмыс жасап жатырмыз. Еуропалық парламент Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы екі қарар қабылдады, олардың соңғысы қаңтар айындағы оқиғалардан кейін болды және екеуі де елдегі билікті сынға алды. Дегенмен, алдағы сайлаудан кейін де оң үрдіс жалғасады деген сенімдеміз.

– Қазір Магнитский заңын қарау қай сатыда жүріп жатыр? Бұл құжат Қазақстанға қатысты қаншалықты тиімді болмақ?

– Шынында да, Еуроодақ жақында Магнитский заңына ұқсас кейбір ережелерді қабылдады және адам құқықтарының бұзылуына кінәлі адамдарға қарсы кейбір жеке санкциялар қазірдің өзінде қолданыста – мәселен, Қытайда немесе Мьянмада. Дегенмен, бұл өте күрделі мәселе және ЕО-ның адам құқықтарын бұзушыларға қарсы жеке санкцияларды енгізуі көп жағдайда азаматтық қоғамның талаптарына байланысты. Бұл жерде Еуропарламенттің Қазақстан үкіметінің кейбір әрекеттерінің саяси астары бар деп таныған қарарын атап өткен жөн. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық пен қаржылық қылмыстар Қазақстан билігінің кейбір топтарында проблема болып табылатынын еске сала кетейін. Сондай-ақ, Орталық Азияда кейбір басқарушы элита экономиканың өздері басқара алатын институттардағы немесе секторлардағы жемқорлыққа назар аударудың орнына, оппозицияны қаржылық қылмыс жасады деп айыптау арқылы оның беделін түсіруге тырысады. Бұл күрделі тақырыпта мен Financial Times журналисінің «Клептократия» деген қызықты кітабын мысал ретінде айта аламын.

– Ресей күйреген жағдайда Қазақстан бұл процестің тепе-теңдік нүктесіне айналуы мүмкін деген гипотеза бар. Ресейдің басынан өтіп жатқан үлкен тұрақсыздық ошағы қазіргі таңда еуропаға қажет емес екеніне сенімдімін. Еуропа Ресеймен болашақ қарым-қатынасын қалай көреді? Ал мұндай сценарийдегі Қазақстанның рөлін қалай елестетесіз?

Біз өте тұрақсыз, өте қауіпті әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, менің ойымша, дәл осы себепті демократиялық құндылықтарға сүйену керек, яғни азаматтық қоғамды дамыту маңызды. Оның күші қарапайым адамдар мен саясаткерлерге елде қандай оқиға болып жатқанын түсіну үшін өте маңызды. Күшті және ашық институттар мен жетілген азаматтық қоғамның үйлесімі ғана тұрақтылықты қамтамасыз ете алады. Қазақстан ежелден мықты президент имиджіне сүйенген. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, мұндай тетік ендігі жерде жұмыс істемейтін болады. Дәл осындай жағдай қазір Ресейде де болып жатыр – күшті Путиннің немесе «күнәсіз» армияның бейнесі ыдырап барады. Қаңтар оқиғасы Қазақстанда тұрақсыздық қаупі төніп тұрғанын және қазір елге болған оқиғаға қатысты есеп пен ашықтық қажет екенін көрсетті. Еуропалық парламент халықаралық және тәуелсіз тергеуді де қолдайды. Мұны сіздің азаматтық қоғамыңыз да талап етеді, ол елдердің қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарады, әсіресе шабуылға ұшырап, әлеуметтік және саяси дағдарыс жағдайында қалған сәтте мұндай әрекеттер тиімді болмақ. Украина мұның айқын дәлелі. Мен Қазақстанға барғанымда, көпшіліктің украиндарға деген сүйіспеншілігіне таңғалдым. Бұл Украинаның да бұрынғы КСРО-ның күшті әрі кемел азаматтық қоғам құра білген ел қатарында болуының арқасы деп ойлаймын. Украинаны таң қалдыратын нәрсе – Зеленскийдің мықты басшылығы ғана емес, ортақ жауға қарсы бірге күресіп жатқан халықтың бірлігі. Олар еуропалық құндылықтар жолын таңдады және өз таңдауын қорғау үшін осылай жалғастыруда. Қазақстанның бұған баса назар аударғаны жөн.

– ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі жаңа стратегиясында жаңа геосаяси жағдайларға байланысты қандай компоненттер жетіспейді деп ойлайсыз?

– ЕО-ның Орталық Азияға арналған стратегиясының өзіндік динамикасы мен құрамдас бөліктерінің үйлесімділігі бар. Және ол үнемі толықтырылып, дамып отырады, әсіресе, өзара сауданың өсуі тұрғысынан алғанда осылай болмақ. Сонымен қатар, мен адамдар арасындағы байланыстың маңыздылығына, ЕО-да оқитын Орталық Азиядан келген студенттердің көптігіне, визалық режимді жеңілдетуге, бірге жұмыс істейтін іскер адамдардың көптігіне және сауда палатасының өсіп келе жатқан рөліне, мәдени ынтымақтастыққа қатты сенемін.

Ауғанстандағы құрылымдық өзгерістерден кейін және оның Украинаға ғана емес, БҰҰ Хартиясына қарсы агрессиясы аясында ЕО мен Орталық Азия арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл көптеген Азия-Тынық мұхиты серіктестерімен болып жатқан жағдай  және Орталық Азия осындай қозғалыстың бір бөлігі болуы керек. Сіздің үкіметіңіз бен дипломаттарыңыз Тоқаевтың жаңа реформаларының мазмұнын Еуропалық Одаққа жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын көріп отырмын. Біз Сіздің Үкіметіңіздің Қазақстанның экономикалық әлеуетін де, тарихи мұрасын да ілгерілету үшін кең талқылауға қатысуын жоғары бағалаймыз. Сіздер мұны үлкен кәсіби біліктілікпен және жеке міндеттемемен жасап отырсыздар. Біз сондай-ақ көптеген құқық қорғаушылардың, оппозиционерлердің, журналистердің және азаматтық қоғам ұйымдарының осындай күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Және мұндай әрекеттер бір-бірін толықтырып отыр. Қазақстан – баршамыз жақсы көретін әрі ресурстарға қол жетімділік таңдамалы  артықшылықтарды емес, халықтың басымдылығын дәріптейтін ел, біз Қазақстанды мықты әрі тәуелсіз ел ретінде көргіміз келеді. Бірақ ол үшін нағыз шынайы демократия қажет.

Карлыгаш Еженова, Брюссель




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.