Елбасы мен оның айналасындағыларды «кулактықтан айырудың» салдары қандай болмақ? - Exclusive
Поддержать

Елбасы мен оның айналасындағыларды «кулактықтан айырудың» салдары қандай болмақ?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-на сапары, Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы жарлыққа қол қоятын кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Сапар барысында американдық жоғары истеблишмент, яғни билік өкілдерінің қызғыштай қорғап отырған Назарбаевтың активтері туралы мәселенің де көтерілетіні бізге мәлім болды.

Қолдау ма әлде ақша үшін бе?

Кешеден бері Қазақстан Президентінің күтпеген жерден Нью-Йоркке жасаған сапары туралы жаңалықтар легі тарап жатыр. Біздің түсінгеніміз, Президент бұл жерде екі негізгі мақсатты көздеп отырған сияқты. Біріншісі – «Жоғары деңгейдегі аптаның» алғашқы күні БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеуі, сондай-ақ мемлекет және Еуроодақ басшыларымен келіссөздер жүргізуі тәрізді саяси мақсаттардан тұрады. Ал екіншісі – анағұрлым меркантилдік саясатты қамтиды. Бұл дегеніңіз американдық және трансұлттық қаржы институттарымен және корпорациялармен тікелей байланыс орнату деген сөз. Мұның барлығы, негізінен алғанда жағымды әрі ерекше назар аударуға тұрарлық әрекеттер болып көрінеді, алайда келіссөздер мен көпшілік алдында сөйлеген сөздерінің пайдасы мен тиімділігін, тек оның қорытындысынан ғана көруге болатыны түсінікті жәйт.

Осы жерде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның 2020 жылдың ақпан айында Қазақстанға жасаған сапары еріксіз еске түседі. Сапар барысында Мемлекеттік хатшы Тоқаевқа бірқатар уәде берген болатын, яғни екі нәрсені американдық инвестицияға алмастыратынын баса айтқан-ды. Атап айтқанда негізгі екі бағыттан тұратын жұмыстарды жүзеге асырсаңыздар, американдық инвестицияны сіздерге саламыз деген ойын ашық білдірген болатын. Негізгі талабы – Ресейден алшақтау және елде нақты саяси реформаларды жүзеге асыру. Ол кезде мұндай талап іске аспайтындай көрінген еді, оның үстіне «Үлкен Майк» Нұрсұлтан Назарбаевпен бір мезгілде кездесу өткізгені белгілі, алайда осы жылдың басында болған оқиғалар қалыптасқан жағдайға бірқатар түзетулер енгізіп тынды. Қысқасы, Астана Мәскеуден алшақтай бастауға мәжбүр болды, оның үстіне елде саяси реформалар да орын ала бастады. Бәлкім, Вашингтон мен Брюссель белгілі бір прогресті байқаған болар, сондықтан Қазақстан Президентінің бұл жолғы сапары Батыс елдерінің Ақорданың іс-әрекеттерін қабылдап, белгілі бір жеңілдіктерге баруға дайын екендігінің белгісі болуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да, сапар барысында Тоқаев әлеуетті ықтимал инвесторлармен кездесу өткізгені белгілі болды.

Жалпы, біз демократияның орнына инвестицияға тап болуымыз бек мүмкін. Не болмаса азды-көпті нақты реформаларға қол жеткіземіз. Немесе Ресейдің «одақтастарына» қатысты нақты ұстанымға ие боламыз. Әрине, бұл сапардың Қазақстанда бастау алған сайлау алды науқанның басталуымен және Тоқаевтың 7 жылдық мерзімге баруға деген ұмтылыс-ниетінің аясында орын алуы жағымсыз құбылыс ретінде қабылданып отыр, мұндай әрекеттер оның демократияға қатысты бағытталған қадамдарына сәйкес келмейді, бәлкім үлкен саясаттың өзіне тән өзгеше өлшемдері де бар болуы мүмкін. Шындығына келгенде әлемдік деңгейдегі қаржылық алпауыттардың күмәнді диктатормен дәл осылай кездесуге бара бермейтінін сенімді түрде айтуға болады. Мұндай әрекеттер сондай-ақ, Ақорданың баспасөз қызметі барлық кездесулердің қабылдаушы тараптың бастамасымен өткенін атап өту мақсатында ұйымдастырған, Вашингтондық лоббистердің әрекетінің жемісі саналады.

Шамасы, лоббистер жақсы жұмыс істеген сияқты (ол жақта мұның теріс әрекеттер саналмайтынын атап өтеміз), олар біздің клептократтар мәселесін түпкілікті шешу туралы АҚШ Конгресінің идеясын қабылдау үшін барынша еңбектенді, сайып келгенде олардың тізімін жасады және санкциялар салды. Ең әуелі Назарбаевтың өзіне және оның айналасындағыларға қатысты бірқатар шешімдер шығарылды.

Іздеп-табу қиын емес, бірақ…

Алайда лоббистер Қазақстанның қазіргі билігіне ғана емес, сондай-ақ ұрыс-керіссіз кеткісі келмейтін бұрынғы билік өкілдері үшін де жұмыс істейтіні сөзсіз шындық. Осылайша, әр жылдары Ақ үй мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде жұмыс істеген американдық жоғары истеблишмент өкілдерінің Назарбаевтың активтерін құқықтық қорғаумен айналалысатыны белгілі болды. Олардың ішінде Марк Медиш, Джим Мессина, Джон МакКлери және тағы да басқа танымал американдық тұлғалар бар. Шамасы, олар қазір АҚШ-та және басқа да батыс елдерінде шығарылған капиталды жасыруға түрлі көмек көрсететін «көмекшілері» бар лоббистерді жауапқа тартуға болатын заңдардың қабылданғанын ескере отырып, жақсы қаруланып алған болса керек.

Назарбаев отбасының басқа да мүшелері де өз активтерін жасыруға немесе қорғауға тырысып бағуда. Мәселен, 2020 жылы Лондонның Жоғарғы соты Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің жылжымайтын мүліктерін тәркілеу туралы істі қараған болатын. Ұзын сөздің қысқасы, Елбасының қызы мен немересі Ұлыбритания астанасындағы аса қымбат жылжымайтын мүлікті Қазақстандағы активтерін сатудан түскен ақшаға сатып алғанын «дәлелдеп» шыққан еді. Бірақ бұл, шын мәнісіне келсек тек азаматтық сот болатын-ды, қазір аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр, өйткені жергілікті құқық қорғау органдарының мұндай активтерді сатуда сыбайлас жемқорлықтың құрамдас бөлігі бар болуы мүмкін деген негізді күдіктері бар.

Осындай жағдай аясында Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот процесінің басталғаны туралы ақпарат тарай бастады. Істің тек өзі ғана емес, сондай-ақ оның «жанама әсерлерінің» де қызықты болатын түрі бар. Өйткені, Назарбаевтың жиенінің иелігінде отбасының өзге де мүшелерімен байланысты бірқатар кәсіпорындар болған, бұл бірінші кезекте «Қазақтелекомға» қатысты жағдай. Бұл да жеке-дара бөлек бұлыңғыр оқиға, алайда қазір екі сәтке баса назар аударылып отырған сыңайлы. Бұл, ең алдымен, отандық құқық қорғау органдарына мәлімделген сомаларға қатысты болып отыр. Осылайша, олар Сатыбалдыға қатысты іс бойынша мемлекетке 500 миллион доллар қайтарылды және тағы екі есеге жуық ақшаны қайтарып беруге уәде берді дейді. Қарапайым қазақстандық үшін мұндай қомақты соманы түсіну қиын дүние, алайда 1,4 миллиард долларға 100 мектеп салуға, оларды ең заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға, сонымен бірге барлық оқушыны кем дегенде бір жыл тегін түскі аспен қамтамасыз етуге болатынын түсіну қиындық келтірмесі анық. Бұл «кері қайтаруларды» ескере отырып жасалған талдаулар. Бірақ бұл, былайша айтқанда сөз жүзінде ғана жүзеге асуда.

Екіншіден, тергеушілердің қандай әдістермен әрекет еткенін біз жақсы білмейміз, бірақ Тоқаевтың «іздеп-табу және қайтару» деген тапсырмасын орындау қиынға соқпаған сияқты. Оның үстіне істің көптеген материалдары жартылай дайындық түрінде, яғни бір қайнауы ішінде болды деген күдік бар. Тек саяси ерік-жігер ғана қажет болды. Дейтұрғанмен, біз мұндай әрекеттердің тергеу орбитасына түскен Қайрат Сатыбалдының, сондай-ақ оның айналасындағы адамдардың активтерінің барлық тізімі емес екенін жақсы түсінеміз. Жалпы, активтерді табу соншалықты қиын емес, интернетті жақсы меңгерсеңіз жеткілікті, әсіресе бұл біздің елімізге қатысты болса еш қиындық келтірмесі анық. Шетелдік юрисдикцияда да мұны белгілі бір дағдылармен жасауға әбден болады, бірақ сотта мұндай активтердің әділетсіз жолмен алынғанын дәлелдеу мүлдем басқа дүние.

«Зейнетақы жинақтары» жайында

Жоғарыда айтылғандай, «қарапайым зейнеткер» саналатын Назарбаев бизнесінің айналасына көп қатпарлы қабырға тұрғызылғандай қабылданады, оны бұзып жарып өту оңайға соқпайтыны белгілі, тіпті қолыңызға карт-бланш берілсе де мүмкін емес. Отандық және халықаралық тергеуші-журналистер бірқатар нәтижелерге қол жеткізіп, қоғамдық сотқа дейін жеткізгенімен, мұндай іс-әрекеттерге толыққанды заңды талап қою өте қиын. Бірақ қоғамдық сот пен тәуелсіз сот екі бөлек нәрсе. Әсіресе, мәселе төркіні Астананың Сарыарқа аудандық соты туралы емес, аты мен заты дардай Лондонның (Нью-Йорктың, Венаның, Бостонның және тізім бойынша осылай тізбектеліп кете береді) жоғарғы соты жайында болатын болса, онда мәселенің түп-тамырын өзіңіз бағамдай беріңіз.

Белгілі бір әрекеттерді жүзеге асыру қажет болған жағдайда, не істеуіміз қажет? 13 қыркүйекте Астанаға батыстық заң кеңселерінің өкілдерінен құралған шағын, шағын да болса әйгілі шетелдік «қазына іздеушілер» делегациясы келген. Олар елордаға Қазақстан үкіметінің арнайы шақыруы бойынша елдің бұрынғы президенті мен оның айналасындағыларға қатысты активтерді іздеп-табу мақсатында келген көрінеді. Бас прокурор Берік Асыловпен кездесу өткізгенге ұқсайды, бәлкім, капиталдың заңсыз шығарылуына, дәлірек айтсақ, оларды іздеп-табуға жауапты адамдармен де кездескен болар.

Белгілі себептерге байланысты біздің БАҚ-ы аталған оқиғаға қатысты жақ ашпады, ләм демеді. Бәлкім білмегенде болар, алайда шетелдік ақпарат көздері Тоқаевтың АҚШ-на жасаған сапарының басты себебі Президент әкімшілігінің «Назарбаев пен Ко»-ның елден шығарған активтерді мемлекет бақылауына қайтару бөлігіне қатысты жандануы болып отырғанын мәлімдеп отыр. Қысқаша айтқанда, мәселе Батыста кең танымал болған заң кеңесшілері Джеймс Рамстен мен Джеймс Харт туралы болып отыр. Олар жеке-дара да, екеуі бірігіп те капиталды шығаруға, ең бастысы, олардың отанына сәтті әрі табысты қайтарылуына байланысты ірі сыбайлас жемқорлық істерді тергеп-тексеруге қол жеткізген тұлғалар. Бұл екі заңгердің қызмет аясы өте кең саналады, бұл жерде біз миллиардтаған доллардың Малайзияға қайтарылғаны жайында белгілі болған оқиға жайлы айтып отырмыз.

Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы мен оның айналасындағы адамдардың («көмекшілерімен» бірге) қобалжуына негіз бар. Дейтұрғанмен, мұндай процестің өте ұзақ әрі шығынға толы әрекеттер екенін жақсы түсінеміз. Әрине, «назарбаевтықтардың» да қол қусырып қарап отырмайтынын ескеру керек.

Мәселен, тергеуші-журналистердің әрекеттеріне қатысты шетелдік соттарға арыз-шағым беру арқылы өзіңіздің адалдығыңызды нық мәлімдей аласыз. Мұндай жол, әрине, азап сияқты көрінгенімен бірқатар идеологиялық табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Немесе ақшаны жасыруды жалғастыра беретін болады. Бұл да күмәнді көрінеді және кері әсер етуі мүмкін – ақша (қомақты ақша қаражаты) «түссіздене» бастайтын болады. Мәселен, күні кеше ғана осыдан бір жарым жыл бұрын ашылған «Елбасы Қоры» ЖҚ онсыз да кедей болып саналмайтын олигархтар Огай мен Кимге 50 миллиард теңгеден астам қаржы аударғаны туралы ақпарат тарай бастады, ал мұндай қомақты соманың екі ондаған жақсы мектеп салуға болатын қаржы екенін өзіңіз пайымдай беріңіз. Аталған қаржы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС айналым қаражатын толықтыруға» несие ретінде берілген деген болжам бар. Бұл, аталған мәселенің беті ғана, ал «кілем астында» жасырылған және жасалып жатқан нәрселер бізге беймәлім. Бірақ, іс-әрекеттердің барлығы осындай көлеңкелі әрі жұртшылықтың назары түспейтін тыс жерлерде, соның ішінде мәселенің құқықтық тұрғыдан шешілуі тым алыс саналатын орындарда, яғни келісімдер арқылы жасалып жатыр деп нық сеніммен айтуға болады.

Экс-сенатор Уәлихан Қайсаров мұндай сауалдарға, көпшіліктің назарын өзіне аударған өз болжамын мәлімдеген-ді. Оның пікірінше Тоқаев өзінің өкілеттіктігін, кейін өз позициясын нығайта отырып, Назарбаев кланын «кулактықтан айыруға» қатысты «ескі Қазақстанға» қарсы күреске жаңа күшпен кірісу үшін емес, керісінше, оны қандай да бір түрде қауіпсіздендіру үшін ұзартады. Уәлихан Әбішұлы – қайта сайлау Нұрсұлтан Назарбаевқа ел ішіндегі активтерді қайта қалыптастыру, капиталды шетелге шығару және жалпы өзінің «зейнетақы жинақтарын» сақтау мақсатында істі аяқтауға мүмкіндік береді деген болжам жасап отыр.

Тоқаевтың көпвекторлық саясатының түп-төркіні міне осындай. Негізінде, екі майданда әрекет ету көптеген саясаткерлердің ісі саналады, ал дипломатиялық тәжірибе мұны жүзеге асыруда көмек бере алады. Алайда бізді тағы күмәнді де бұлыңғыр ойлардың мазалайтыны сөзсіз. Оның үстіне Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі қандай да бір себептермен капиталды қайтару және елбасы есебінен пайда тапқандар туралы айтуды тоқтата бастады. Керісінше, кең пейілділікпен әуежай, көшелер, саябақтар мен оқу орындарына Тұңғыш Президенттің атын қалдыруды жөн санап, Нұрсұлтан Әбішұлы бұған лайық тұлға дейді. Бір қызығы АҚШ Конгресі Назарбаевты айналасындағылармен бірге «Магнитский тізіміне» енгізу туралы мәселені көтеретін болса, онда Ақорданың әрекеті қандай болмақ? Шамасы, мұндай үрдісті күту ұзаққа созылмайтын сыңайлы.

Мирас Нурмуханбетов




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.