Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған концерттегі келеңсіз оқиғаға қатысты пікір білдірді.
– Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біздің білуімізше, концертті NS group ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет, — деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік хатшы туға зор құрметпен қарау керек екенін еске салып, рәміздерді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылатынын айтты.
– Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын-алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Себебі, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын, — деп жазды Қарин instagram парақшасында.
Комментариев пока нет