Британский парламент заработает завтра
Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1 хатшысы ретінде елді 26 жыл, Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде тағы 7 жыл басқарған Дінмұхамед Қонаев өмірінің соңғы жылында бір журналистке 60 жылдай жасырып келген осындай жан сырын ашып айтыпты. Димекең бір Алаш көсемімен емес, оның жалғыз ұлы Өкітаймен араласып, Смағұл Сәдуақасұлы, Әлімхан Ермекұлы, Жақып Ақбайұлдарын жақсы таныған, Мағжанның өлеңін жатқа білген екен…
№ 1 фото. Әлихан Бөкейхан № 2 фото. Дінмұхамед Қонаев
(1866-1937) (1912-1993)
Бұл тарихи мәлімет кімге болса да ашық аспаннан жай түскендей әсер етер еді. Димекеңнің Алты Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан мен Алаш қайраткерлері туралы жан сырын 1992 жылы, яғни дүние салуынан 1 жылдай бұрын, Ақтоғайлық журналист Махмұт Жарылғап жазып алып, 1998 жылы Қарағандыда бар-жоғы 500 данамен ғана жарық көрген «Алаштың Ақтоғайы» атты шағын кітапшасында жариялаған екен. Д.А. Қонаевтың Ә.Н. Бөкейхан туралы әңгімесі жазылған кітапша шыққанын Алаш көшбасшысының жиен немересі Ортай ақсақал Әбдірахмановтың аузынан естігенде, кітапшаның өзі қолыма тигенше сенер-сенбесімді білмегенімді жасыра алмаймын.
Айрықша тоқталғым келетіні: Ортай ақсақал Димекеңнің жан сыры туралы әңгімесін Ақтоғайдағы Ә.Н. Бөкейхан атындағы мектепте Алты Алаш көсемінің мұражайын ашу салтанатына қатысып, Қарағанды арқылы Астанаға қайтқан жолда айтылды. Бұл үстіміздегі жылдың 16 маусымы күні болатын. Әлиханның жиен немересі Ортай ақсақал 90-ға келіп, ауруанадан енді ғана емделіп шығуына қарамастан, атағы жер жарған атасының ең алғашқы мұражайларының бірін ашуға қалмай барған еді. Ұлт көшбасшысы Ә.Н. Бөкейханның тұңғыш мұражайы елордадағы өзінің есімі берілетін № 76 мектеп-лицейінде ашылды. Содан Ортай ақсақал Ақтоғайдан Қарағандыға оралысымен үшінші рет қатарынан микроинсульт алып, тағы да ауруханаға жатты. Бірақ сөзін жерге тастамай, «Алаштың Ақтоғайы» кітабын Астанада тұратын немересі арқылы мааған жеткізіп берді. Бұл білгенге тектіліктің белгісі еді-ау! Алайда өзі алған микроинсультынан оңалмай, 18 шілде күні бақилық болды.
Қош болыңыз, ардақты Ортай аға! Жатқан жеріңіз жұмсақ, жаныңыз жаннатта, тәніңіз рахатта болсын!
Ақтоғай аудандық газетінің редакторы болып тұрған Махмұт Жарылғап Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермекұлы, Жақып Ақбайұлы сынды Алаштың үш арысына ас берілетін 1992 жылы Алматыға арнайы келіп, Димекеңе жолығып, жоғарыда үзінді келтірілген әңгімесін жазып алыпты. Өз әңгімесін ол ұлт көшбасшысына: «Әлихан Бөкейханов ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы ғана емес, Алты Алаштың пірі, рухани көсемі болды. Оны тарих та мойындайды» — деп асқақ баға беруден бастап, — Мен Әлиханмен бір-ақ рет жүздескен жанмын. Оның өзі қас-қағым сәт қана», — деп жалғастырыпты. Әңгімесінің жалғасында Димекең 60 жылдай бұрын өзі куә болған оқиғаның жылын, ұлы Өкітай мен күйеу баласы Смағұл Сәдуақасұлының жерленген жерінен қатесіпті. Олардың әрқайсысына төменде жеке-жеке тоқталып өтемін. Ал қалғаны басқа дереккөздерімен толық расталады:
«Москва. 1930 жыл. Студенттік шақ. Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов дүниеден озған азалы күн еді ол. Москвада тұратын және оқитын қазақ жастары Разгуляев зиратына жиналды. Марқұммен қоштасуға келген халық өте көп. Солардың арасынан шағын топ оқшаулау тұр. үздік-создық келушілер Осы топқа әдейілеп бұрылып, қол алысып өтіп жатты. Күн шытымыр, аязы бет қариды. Көпшілік арасынан сына тауып, мен де сол топқа тақай түсті. Москвада үлкен қызмет атқаратын Тұрар Рысқұлов пен Нығымет Нұрмақов ағалар көзіме оттай басылды. Ортада дембелше денелі қияқ мұртына ақ кірген, шоқша сақалы салалы, жүдеу өңді ақсақал (№ 3 фото) сол қолымен жастау әйелді қолтығынан демесе (№ 4 фото), оның оң жағынан Тұрар сүйемелдеп тұр екен. Ақсақалдың оң жағынан Нығымет орын алыпты. Көбіне ақсақалға күбірлеп сөйлеп тұрған да Нығымет еді. Ана кісі оған басын изеп қана жауап беріп тұрды. Келушілер ең алдымен әлгі ақсақалдың қолын ұстап, содан соң кезекпен көңілдерін білдіріп, өтіп барады. Орта жастағы ұлты орыс нәсілдес жан ақсақалдың қолын ұзақ ұстап тұрып, көңіл айтып жатты. Мен осы сәт иін тірескен ортада жас шамасы өзіммен шамалас жігіттен «Мына кісі кім?» — деп иек қақтым. – Танымайсың ба? – деп таң қалды: — Атақты Әлихан Бөкейхан ғой! Қасындағысы қызы Елизавета. Марқұм Смағұлдың зайыбы, — деп сыбырлады».
Димекең Смағұл Сәдуақасұлын жақсы білетінін және ең бастысы – жалғыз да болса аққан жұлдыздай өткен күйеу баласынан айрылған Алты Алаш көсеміне көңіл айтқанын баяндайды:
«Смағұл Сәдуақасовты жақсы білетінмін (№ 5 фото). Қызы әкесінің иығына әлсін-әлсін басын салып, күйзеліп-ақ тұр). Мен де Әлиханның қолын алып, содан соң кезекпен көңіл көңіл айттым. «Алла жарылқасын!» — деп Әлихан маған бас иді. Міне, Әлиханды алғашқы және соңғы көріп, жүздесуім осылай есте қалды».
Алаш арысы Смағұлдың жерленуіне куә болып, Алты Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан мен оның қызына көңіл айтқандардың ішінде қазақтың кеңестік «батрақ» жазушысы Сәбит Мұқанов пен оның зайыбы Мәриям да болған көрінеді. «Шамасы не 1932, әлде 1933 жыл, — деп жазады «Сағынышым — Сәбитім» атты естелігінде М. Мұқанова, — Бір күні Сәбит (Мұқанов) үйге асығыс келіп: «Мәриям, жинал. Смағұл Сәдуақасов қайтыс болыпты. Бүгін жерлеуге апарады екен», — Екеуіміз үйден шықтық… Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты. Арыстай болып сұлап жатыр екен. Арба соңында ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап: «Әлихан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі – Лиза, анау – баласы (Ескендір)», — деп түсіндіріп тұр. Арба ақырын жүріп келіп, есіктің көзіне тоқтады. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. Мен шегіншектеп, кейіндеу тұрдым. Бөкейханов келбетті адам екен. Үстіне етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкідан салған қымбат тоны бар. Кескін-кейіпі патшадай боп көрінді маған. Тәкаппар, суық жүзді...».
№ 3 фото. Қазақтың ұлттық көшбасшысы Әлихан Бөкейхан – Мәскеудегі коммуналдық пәтерінде (Большой Кисловский орамы, 4, 15 пәтер). Мәскеу, шілде, 1937 ж.
«Әлиханнан Үкітай атты ұл қалды, — деп Д.А. Қонаев Алаш көшбасшысының соңында ұрпақ қалдырғанынан да хабары бар екенін айтады, — Тұлпардың тұяғымен жұмыс бабында араласып тұрдық. Түр-әлпеті әкесіне келетін қоңырқай өңді, қапсағай денелі аса төзімді жан еді (№ 6 фото). Мамандығы геолог болатын. Кезінде Жезқазған кен орнының ашылуына Қаныш Сәтпаевпен қатар Үкітай Бөкейханов та көп еңбек сіңірді. Әкесі Әлихан ақталардан 1 жыл бұрын Карелия жерінде жүріп, дүниеден қайтты. Сүйегі сонда жерленді. Қаныштың: «Асылдан қалған тұяқ еді. Оған да қазақ жерінен топырақ бұйырмады», — деп өкіне сөйлегені есімде қалыпты. Сол Үкітайдан тұяқ бар. Москвада тұрады деп маған Хайдар Арыстанбек айтып еді. Тегі, Жақып (Ақбайұлы) пен Әлиханның ұрпақтарымен сол ағаларың жақсы араласып тұрады деп сырттай естимін…».
№ 4 фото. Зейнеп (Елизавета) № 5 фото. Смағұл Сәдуақасұлы
Әлиханқызы Бөкейхан (1903-1971) (1900-1933)
Комментариев пока нет