Нәлібаевтың ұлының тойына қатысты халықтың наразылығы күшейді – Мәндібек - Exclusive
Поддержать

Нәлібаевтың ұлының тойына қатысты халықтың наразылығы күшейді – Мәндібек

Журналист Ербол Мәндібек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.

Ол президенттен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұлының тойына қатысты тексеру жүргізуді сұрады.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Биліктің халық алдындағы абыройына нұқсан келтіріп отырған жоғары лауазымды шенеуніктер көп. Күні кеше Бақыт Сұлтанов қызметтен босады. Мұны қарапайым халық жаппай құптап жатыр. Менің айтпағым, Қызылорда облысының қазіргі әкіміне қатысты. Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда халқының және күллі қазақстандықтардың алдында жауап беруі тиіс еді. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 3-4 күннен бері Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұлының тойына қатысты халықтың наразы көңіл-күйі күшейді. Аталған саяси қызметкер Алматыда аста-төк той өткізгенін ақпарат құралдары да, халық та әлеуметтік желіде жазып жатыр. Осы уақытқа дейін тараған ақпаратқа сәйкес, Нұрлыбек Нәлібаев ұлының Алматыда өткізген тойына 113 миллион теңге жұмсаған. Бұл ақпаратты түрлі БАҚ та таратты, – деп жазды журналист Facebook парақшасында.

Әкімдердің басты міндеті – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту екенін еске салған журналист бұл жағдайға қатысты әкімнің әлі күнге халық алдында түсініктеме бермегенін атап өтті.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өзіңіз айтқандай, әкімдердің басты міндеті халықтың әл-әуқатын арттыру. Жұмыспен қамту. Қызылорда облысының әкімі бұл міндетті қалай орындап жатқанын білмеймін. Бірақ, халыққа концерт ұйымдастырып, өзінің отбасылық мерекесін миллиондаған ақшамен атап өтуде. Алматыда қымбат ресторанда (Ритц Карлтон Алматы) миллиондаған ақшаға той өткізіп халықтың әлеуметтік қысымын күшейтті. Ол өзінің осы әрекеті үшін әлі күнге халық алдында түсініктеме берген жоқ. Тіпті, журналистердің сауалына үнсіздікпен құтылуда. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өз тарапыңыздан тиісті органдарға дәл осы оқиғаға тексеру жүргізуді тапсыруыңызды сұраймыз! – дейді Ербол Мәндібек.

Фото: egovpress




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.