Жаңа Қазақстанның мемлекет және құқық философиясы - Exclusive
Поддержать

Жаңа Қазақстанның мемлекет және құқық философиясы

Баршаға мәлім, қасіреттті Қаңтар оқиғасы халықты түбегейлі өзгертті. Сондықтан бүгін мемлекет және құқық философияның Жаңа Қазақстандаға орны туралы өз ойыммен бөліскім келеді. Елді жаңгарту жолында осы ғылымның және философтардың ролі ерекше. Тарих бұған дәлел.

Кіріспе бір мысал ретінде – Иммануил Кант, неміс философы. Бұрынғы Königsberg қаласында Пруссия Корольдігінде (қазір Калининград, Ресей Федерациясы) 1724 жылы 22 сәуірде дүниеге келген, сол жерде 12 ақпан 1804 жылы жерленген. Кант – батыс философиясының маңызды өкілдерінің бірі. Оның «Таза ақылға сын» еңбегі философия тарихындағы бетбұрыс және қазіргі философияның бастауын білдіреді. Кант 21 ғасырдағы пікірталасқа елеулі әсер еткен философияда жаңа, жан-жақты перспективаны ашты. Бұған оның «Таза ақыл сыны» метафизикаға әсері ғана емес, сонымен қатар «Практикалық ақыл сыны» этикаға, «Пайымдау сынымен» эстетикаға әсері де кіреді. Сонымен қатар, Кант діни, құқықтық және тарихи философия туралы маңызды еңбектер жазды, сондай-ақ астрономия мен геоғылымға үлес қосты.

Германияда 90шы жылдары Мюнхен университеті заң факультетінің докторантурадасында оқыған кезімде бірінші рет 18шы ғасырдың ең әйгілі философтарының бірі Имманиул Канттың заманауи халықаралық құқыққа да әсері туралы естідім. 1795 жылы «Zum ewigen Frieden. Ein philosophischer Entwurf» жазған трактатында, қазіргі Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ)конституциясы ретінде бағаланатын Жарғысында оның 150 жылдан бұрын жазған идеяларының көбі жүзеге асқан. БҰҰ Жарғысының 2(4) бабындағы күш қолдануға тыйым салу Канттың «Соғысты болдырмау қажет!» деген үндеуімен бірдей. Сонымен қатар басқа да идеяларын атап айтсақ: «кейінгі ұрпақтарды соғыс алапатынан құтқару», «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін күшімізді біріктіру», «ешбір мемлекет басқа мемлекеттің конституциясы мен үкіметіне күшпен араласпауы керек». Осы ойлары БҰҰ Жарғысының тиісті баптарында өз орындарын алды. Кант әрине ғажайып бір философ және де жалпы алғанда оңды тарихи тұлға. Алайда философтардың бәрі Кант секілді гуманист ретінде марапатқа ие емес.

Адольф Гитлер – фашистік Германияның көшбасшысы – үшін Фридрих Ницшеның идеялары үлгі болуы мүмкін деген пікір көп жылдардан бері батыстың және әсіресе неміс философтар әлемінде қызу талқылануда. 24 жасында профессор атағына ие болған Ницше 1900 жылы 55 жасында қайтыс болған, негізгі идеяларының бірі – Übermensch (басқалардан жоғары тұрған адам, латин тілінде homo superior). Бұл философиялық концепциясы «Also sprach Zarathustra» дидактикалық поэмасында 1883 жылы жарық көрген. Соны нацистік Германияның идеологтары Гитлердің саяси ұстанымын жүзеге асыру үшін, яғни, өзге ұлттарды жаулап алып, күшпен бағындырып, оларды құлға айналдыру мақсатымен көп пайдаланған.

Яғни, философия ғылымы, философтар тек қана пайда емес, бұрыс жол көрсетсе және насихаттаса, өз халқы және күллі әлем үшін қорлық әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан, еліміздегі бүгінгі саяси реформалар кезінде философтардың идеяларының ерекше орны және құны бар.

Бірнеше рет Президент Қ. Тоқаев Жаңа Қазақстан деген ұғымды ол ең алдымен Әділетті Қазақстан деп түсіндірді. Бұл көзқарас жалпыұлттық ұстанымға айналса, абзал болар еді.

Осыған байланысты, елімізде түбегейлі жаңа мемлекет және құқық философиясы қалыптасуы қажет. Халық ереуілдеп, алаңға не үшін шығады? Әділетсіздіктен. Оны біз ашық айтуымыз керек. Елімізде адам жоқ шығар, сотта немесе әртүрлі мемлекеттік органдарда авторитарлық жұйенің және содан туындайтын заңсыздықтың/ әділетсіздіктің құрбаны болған! Мемлекет басшысы айтқан әділетті қауымды құру үшін, менімше, белгілі бір философ немесе саясаткерлердің ойына шектелмей, басқа қалыптасқан елдердің мемлекет және құқық философиясын зерттесек, кішірейіп қалмаймыз, сірә.

Осыған байланысты, ең алдымен, өзім екі жылдай өмір сүрген Швецияны алға тартқым келеді. Себебі біздің елмен ұлттық философия, ішкі және сыртқы саясат жағынан көп ұқсастығы бар. Қазақстанның Мәңгілік ел болу ұлттық идеясы шведтердің För Sverige in tiden деген ұлттық ұранына жақын. Асар, әғни, асарлатып, көршілерге немесе жағдайы төмен адамдарға жәрдемдесу (мысал ретінде, ұй салғанда), скандинав еліндегі де қалыптасқан әдет-ғұрып. Ол ішкі ахуалға шектелмей, сыртқы саясатқа да оңды әсер етеді: кедей мемлекеттерге даму үшін қаржы көмегі бойынша Швеция батыс мемлекеттер арасында көп жылдары көшбасшылардың біреуі. Швеция экономикасының көлеміне пропорционалды түрде ең ірі донор 2020 жылы болып табылды: ел дамуға ресми көмекке жалпы ұлттық табысының 1,14% – 6,3 млрд АҚШ доллар – жұмсады. Осыдан шамасымен жүз жыл бұрын Еуропаның ең кедей мемлекеттерінің біреуі болған, ал қазір ол дүние жүзінің ең бай және технологиялары ең дамыған елдердің қатарында. Солтүстік Еуропада алдыңғы қатардағы 10 трансұлттық компанияға 7 швед компаниясы кіреді: 1) Volvo AB, 2) A.P.Moller-Maersk A/S, 3) Volvo Car AB, 4) Nokia Oyj, 5) Ericsson AB, 6) H&M AB, 7) Skanska AB, 8) Norsk Hydro ASA, 9) Vattenfall AB ,10) Scania CV AB.

Әрине жер байлығы шамалы халық мұндай жетістіктерге қалай жетті деген орынды сұрақ пайда болады? Оған жауап – коллективизмде негізделген ұлттық философия және менталитетте: ешкім аш-жалаңаш далада қалмауы тиіс, мемлекет жағдайы төмен азаматтарға көмектесу керек. Ол жәрдем салық арқылы жүзеге асырылады; Стокгольмда бір таныс швед олигархының айтуы бойынша, тапқан пайдасының шамасымен 60 пайызы үкіметке салық ретінде кетеді.

Швециядағы өмірлік философияның негізгі ұғымына тоқталсам. Ол – Lagom (лагом). Швед менталитетінің орталық символының тікелей бір сөз арқылы аудармасы жоқ, ол жалпы алғанда «Тым көп емес, тым аз емес» ұстанымды білдіреді. Аңыз бойынша, викингтер арасында оттың айналасында отырып, құмыраны айналдыру әдеті болған. Дәмді сусын бәріне жеткілікті болуы үшін барлығына бір жұтым алуға рұқсат етілді – тым көп емес және тым аз емес.

Қазіргі әлемде лагом ең алдымен тепе-теңдікке (балансқа) назар аударуды білдіреді. Байқағаным, Швецияда байлар баймын деп шіренбейді, ал кедейлер кедейдіктен аса мұңаймайды.

Әлем мені сіңіріп жатыр, жұмыс менің қорымды сіңіріп жатыр, сондықтан Лагом орта жолды табуы керек, деп сенеді шведтер және өздерінің өмірлік стратегиясын осылай жасайды, әрбір қарбалас күннің артынан босаңсыған кеш өтеді. Бұл дүниетаным елдегі адамдардың шетелдіктерге, оның ішінде еуропалықтарға тым баяу көрінетін мінез-құлқын түсіндіреді. Шведтердің пікірінше, өміріңіздің бір бөлігін баяулату керек, күтулеріңізді шынайырақ ету керек, осылайша жылдам және баяу теңдестірілген, өмірдің әртүрлі салалары үйлесімді түрде бір-бірін толықтырып, бірін-бірі жоққа шығармауы керек. Лагом сонымен қатар өз денеңде дұрыс тепе-теңдікті сезіну ғана емес, сонымен қатар әлемнің тепе-теңдігіне назар аударуды білдіреді. Іс жүзінде, күнделікті өмірде бұл шведтер үшін су мен электр энергиясы сияқты ресурстарды қайта өңдеу және үнемдеу арқылы жер шарын ғаламда тұрақты етуге деген ұмтылысты білдіреді. Күнделікті өмірде шведтер пәтерлерін қажетсіз балластпен толтырмауға тырысады және оны лагом стилінде ұстайды: тек қана сапалы нәрселердің аз мөлшерін ұнатады. Бұл интерьерге де, гардеробқа да қатысты.

Шведтер сонымен қатар әлеуметтік қарым-қатынаста лагомның ең жақсы принцип екеніне сенімді. Күнделікті адамдармен жұмыста немесе үйде, ұзақ жиналыстарда немесе адамдар көп жүретін метрода қарым-қатынас жасау – әдетте, қақтығыстармен бірге жүреді. Лагом қоғамында бұл проблемаларды жоғары қоғамдық сана мен әділеттілік арқылы жеңеді, сонымен қатар командалық рухқа сүйенеді. Лагом философиясында топтағы жеке тұлғаның әлсіз жақтары сіңіріліп, оның күшті жақтары ұжымдағы әрбір адамның игілігіне пайдаланылады. Мұнда жеке күресушілерді – өзін жоғары санайтын – кездестірмейсің, оның орнына құрметпен бірге өмір сүру ережелері қолданылады, олардан барлығы пайда көреді.

Лагом – бұл жай ғана хайп немесе сән емес, шын мәнінде ұлттық сипаттың басты белгісі және швед қоғамының қызмет етуінің негізгі принципі. Лагом салауатты және саналы өмір салтын, ақшаны, суды және энергияны үнемді пайдалануға, сонымен қатар экологиялық таза өнімдерді тұтынуға тәрбиелейді. Бұл шведтер үшін БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары олардың ежелгі мәдениетінің бөлігі болып табылатынын және әлемдегі тепе-теңдік пен тепе-теңдікті іздеу арқылы қазіргі швед сыртқы саясатында да көрініс тапқанын білдіреді.

Қысқаша елдің мемлекет және құқық философиясы туралы. Швеция құқықтық тұрақтылық бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Бұл құбылысты елдегі құқық теоретиктері барлық мүдделі тұлғалар мен ұйымдардың ой пікірін ескеруден туындайтын заң шығару жұмыстарының ұзақтылығымен түсіндіреді. Швециядағы заң шын мәнінде оны қолданудың барлық аспектілерін ескеретін қоғамдық консенсус болып табылады. Сондықтан, қабылданғаннан кейін нормативтік акт ұзақ уақыт күшінде қалады, сирек өзгерістерге ұшырайды. Қазақстанға осы тәжірибені әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін неге егжей-тегжейлі зерттемеске? Мемлекет философиясы этикамен, әсіресе мемлекеттік қызметкерлердің этикасымен, тікелей байланыста болу қажет деп ойлаймын. Дипломат ретінде Стокгольда еңбек етіп, есте қалған жай: саясаткерлер күнделікті өмірде және мемлекеттік қызметті жүзеге асыруда қарапайымдылық танытады, олар өздерінің жоғары мәртебесін ешбір жағдайда көрсетпейді. Үкіметте тек Премьер-Министрдің жеке көлігі бар. Көптеген министрлер мен Риксдаг (Парламент) мүшелері қоғамдық көлікті пайдаланады. Іскерлік келіссөздер кезінде басшылар тарапынан қызметі төмен әріптестерге үстем жағдайды көрсетудің толық болмауы көзге түседі.

Өмірде орта жолды іздеу (лагомның негізгі идеясы) швед сыртқы саясатының негізгі қағидасын – бейтараптылықты алдын ала анықтады (көрші Дания NATO мүшесі, ал Швеция осы жылдың ақпан айында басталған Ресей мен Украина қақтығысына байланысты өтінімесін бергенімен, әлі мүше емес). Шынында да, 18 ғасырдың басындағы Ресеймен Солтүстік соғыстан кейін Швецияның жалпыеуропалық маңызы төмендеді, ал Наполеон дәуірінен кейін шведтер кез келген соғыс түрін жүргізуден толығымен бас тартты. Содан бері Швеция бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бейтараптығын сақтағанның арқасында, 200 жылдан астам ешқандай соғысқа қатысқан жоқ.

Айта кету керек, қазіргі шведтер өткенге көп назар аудармайды. Бүгінгі күні шведтер жан басына шаққандағы ЖІӨ, гендерлік теңдік және бай мен кедей арасындағы төмен айырмашылық рейтингтеріндегі жетекші позицияларын бұрынғы әскери жетістіктерінен гөрі мақтан тұтады. Бүгін жақсы өмір сүру, жақын адамдарға қамқорлық жасау, алыстағы ата-бабалардың жеңістері мен жеңілістерін емес, өз ұрпағының нақты жетістіктерін айналаңыздан көру – бұл қазіргі Швеция. Өз азаматтарының өмірі мен әл-ауқаты мемлекеттің талассыз басымдығы болып табылады.

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын Швеция қарабайыр ауыл шаруашылығы елі, Еуропадағы ең кедей елдердің бірі болды. Салыстырмалы түрде қатал климатта аман қалу үшін шыдамдылық, тапқырлық және бірлесіп жұмыс істей білу сияқты қасиеттер қажет болды – қазіргі швед қоғамының пайда болуын қалыптастырған ізгіліктер. Теңдік пен коллективизм шведтерді сипаттайтын екі негізгі термин. Ешкім басқадан артық емес деген сенім шведтердің дүниетанымында кең таралған. Шведтен жауапкершілікпен және ұқыптылықпен жұмыс істейді және басқалар үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Көптеген шведтер үшін элитарлық ақыл-ой/мінез-құлық, ысырапшылдық және нормадан ауытқыған өмір салты әлі де тыйым болып табылады.

Елде сыни ойлау ынталандырылады, бұл – шведтердің пікірінше – қоғамның және әл-ауқаттың дамуына көмектеседі.

Швецияның өмір сүру жолын толығымен көшіруді ешкім ұсынбайды, жәй ғана мысал ретінде келтіріледі, қалай ұлттық сана/философия экономика, әлеуметтік өмір және саясатқа оңды әсері туралы баяндау мақсатымен егжей-тегжейлі көрсетілген.

Батысқа қатысты тағы бір айтатын жағдай, мемлекет және құқық философиясы бойынша Швейцария мен Германияның университеттерінде арнайы лекциялар мен семинарлар ұсынылады – Rechts– und Staatsphilosophie. Жақсы бір феномен деп есептеймін, себебі философия әр ғылымның ұйытқысы. Фундаменты деп айтса да артық болмайды. Рухани өзегі жоқ заңгерлер жақсылыққа апармайды.

Мемлекет және құқық философияны жандандыру Жаңа Қазақстанға не үшін керек? Баршаға мәлім, конституциялық реформаның ең маңызды қадамдарының бірі – Конституциялық сот құру. Гипотетикалық тұрғыдан, тиісті ережелер орындалған жағдайда, әр азамат сол органға шағымдануы мүмкін. Бұл хақ бұрын тек қана белгілі бір жоғары лаузымдағы тұлғаларға тиесілі болған. Тіпті Конституцияға қайшы келетін Парламент заңдарын да жоққа шығаруға болады. Конституциялық соттың елімізде қандай рольге ие болу керек, саясатпен қандай қарым қатынаста болу керек деген мәселелер құқық теориясының мамандары, философтар үшін ұланғайыр бір тақырып. Осыған байланысты Стокгольм университетінің профессоры Мауро Замбонидың (Mauro Zamboni) пікірі бағалы: «…Constitutional Courts, though playing a bridging role between the political and legal worlds, are – from an institutional and functional perspective – primarily legal actors. Without a doubt, these Courts play a role in the political game; however, their position as institutional actors should be based upon the direct effects of their decisions (‘outputs’) on the legal arena, rather than on the indirect consequences (‘outcomes’) on the political arena» Яғни, оның көзге және құлаққа жағымды идеясы, Коституциядық сот саясаттың қол баласы болмау керек, өз жұмысын ең алдымен құқықтық принциптерге негіздеуі тиіс.

Менімше, конституция жалпы алғанда – ол ұлттың мемлекет және құқықтық жүйеге қатысты көзқарасы, яғни философиясы. Сондықтан бұл мәселе қазір академиялық қауымдастықтан (филосософтардан, заңгерлерден, социологтардан, саясаттанушылардан т.б.) ерекше назар талап етеді. Атап айтқанда, Жаңа Қазақстанда жарияланған қағида —Әділеттілік– нені білдіреді, оның мемлекетке және құқық жұйесіне қандай әсері болу керек, Әділеттілікті жүзеге асыру үшін қысқа және ұзақ перспективада қандай нақты шаралар қажет сынды сұрақтарға жауап іздегеніміз және де қазіргі құқықтық жұйемізді билеген заң позитивизмнен қоштасқанымыз абзал.

Әртүрлі құқықтық жұйелердің әсерінде тұрған Қазақстан үшін тағы да бір маңызды мәселе – құқықтық жұйенің оңтайлы даму жолдарын қарастыру және тиісті зерттеулер мемлекет және құқық философиясы саласында жүргізу. Себебі ел заңнамасы рим құқығында негізделген, алайда ислам құқығының ролі күшеюде, атап айтқанда қаржы саласында, және ағылшын common law жұйесі Астана Халықаралық Қаржы Орталығына және шетелдік инвестицияларды тартуға байланысты соңғы жылжары жиі академиялық қоғамдастықтың пікірталас тақырыбына айналды.

Соңғы кезде құқық саясатына қатысты парадигма «Мықты Президент, ықпалды Парламент, бақыланатын Үкімет» қолданылатын болды. Осыған байланысты құқық тұрғысынан ойлайтын зерттеушінің алдында Жаңа Қазақстанда сот билігі қай орынға ие болуы керек деген сұрақты еріксіз тудырады. Өйткені ол туралы жоғарыдағы ұстанымда мүлде айтылмаған. Ал тәуелсіз сотсыз Жаңа Қазақстанның негізгі мақсаты – Әділеттілік – жәй ғана декларация болып қалмауына кім кепіл? Құқықтық мемлекетті және саяси тұрақты қоғам құру үшін тағы бір балама ұсынылып, жүзеге асырылуы мүмкін: Мықты Президент,ықпалды Парламент, тәуелсіз Cот. Қазақстан үшін бұл тұрғыда президенттік республика болып табылатын Оңтүстік Кореяның тәжірибесі қызықты.

Және де зерттеулерде еліміздің стратегиялық әріптесі Германияның мемлекет және құқық философиясына ерекше назар аударғанымыз жөн, себебі олар біз көздеп отырған Әділеттілік қагидасын іс жүзінде жүзеге асырып, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан мықты бір мемлекет құрғанын күллі дүние жүзі мойындайды.

Б. Р. Шеңгелбаев

Заң ғылымдарының докторы




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.