Қаңтар қасіреті біздің жадымызда мәңгі сақталады – Тоқаев - Exclusive
Поддержать

Қаңтар қасіреті біздің жадымызда мәңгі сақталады – Тоқаев

Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсімі өтті. Бұл рәсімге ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Президент стеллаға гүл шоғын қойған соң қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Содан кейін Мемлекеттік гимн орындалды.

– Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент «Тағзым» мемориалын орнатудағы негізгі себеп болған дүниені атап өтті.

– Шын мәнінде, бұл ескерткіштің мағынасы терең, маңызы өте зор. Мұнда Қазақ елінің мемлекеттігін нығайту жолындағы қилы кезеңдер көрініс тапқан. Тас тұғырларға әйгілі тұлғаларымыздың өлеңдері және өсиеттері жазылған. Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқайсымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшының пікірінше, Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғау керек.

– Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін ұғындық. Ел тыныштығын сақтай білмесек, дүние бір сәтте астаң-кестең болатынын көрдік. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғауымыз қажет екенін сезіндік. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөздің мәнін де жете түсіндік. Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер екеніне көз жеткіздік. Сондықтан қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Біз ұлт болып ұйыссақ, кез келген қауіп-қатерді еңсере аламыз. Мен Президент ретінде мемлекетіміздің тұтастығын және халқымыздың амандығын сақтау үшін бәрін жасаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Тағзым» мемориалы әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөліктен тұрады. Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.

Фото: Борт 01




1 Комментарий

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.