Қорғаныс министрлігі сарбаздардың өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Кейінгі кезде әскердегі сарбаздардың өзіне-өзі қол жұмсауы көбейді.
Бір күн бұрын тағы бір әскери қызметші өзіне қол жұмсады. Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара заставасынан 18 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Бекбол Мираштың денесі табылды. Қорғаныс министрлігі қарулы күштер қатарындағы суицидке қатысты жағдайға түсініктеме берді.
– Соңғы кездері еліміздің күштік құрылымдарында орын алған өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің жиілеуі түсіндіруді қажет етеді. Әскери қызметшінің өлімі тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде орын алып отыр. Бағыныстылардың өмірі мен денсаулығына ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі де жауапты. Бейбіт уақытта аталған күштік құрылымдар Қарулы күштердің құрамына кірмейді және Қорғаныс министрлігі олардың қауіпсіздігін бақыламайды, – делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігінің жазбасына сәйкес, сарбаздардың өзіне қол жұмсауына әскерге дейінгі осындай әрекетке итермелейтін әр түрлі өмірлік жағдайлар болуы мүмкін.
– Өзіне-өзі қол жұмсау сияқты шарасыз қадамға бару ол адамның туыстары мен жақындары үшін үлкен қайғы. Командирлерге де жауынгерден айырылу ауыр шығын. Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция қызметкерлері және басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексереді. Тексеру нәтижелері өзіне-өзі қол жұмсау көп жағдайда әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін көрсетті. Әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әр түрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ғылым, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әскери ортада орны толмас шығындарды барынша азайтуға және суицидтің алдын алуға бағытталған «Өмірді сақта» кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр, – деп хабарлады министрлік.
Фото: ашық дереккөз
Комментариев пока нет