Үкімет басшысы Рыбакинаға «Достық» орденін табыс етті - Exclusive
Поддержать

Үкімет басшысы Рыбакинаға «Достық» орденін табыс етті

Әлихан Смайылов Уимблдон турнирінде тарихи жеңіске жеткен қазақстандық теннисші Елена Рыбакинамен кездесті.

Үкімет басшысы Елена Рыбакинаға ҚР Президентінің Жарлығымен спорттағы аса үздік жетістіктері және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін берілген II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

– Барлық қазақстандық Сіздің әлемнің ең атақты теннисшілерімен сайыстарыңызды бақылап отырды. Үлкен дулыға турнирінде жеңіске жетіп, Сіз отандастарымыздың үмітін ақтадыңыз, сондай-ақ Қазақстанда теннисті дәріптеуге баға жетпес үлес қостыңыз. Сіздің жеңісіңіз жас спортшыларды ынталандыра түседі деп сенемін, – деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Елена Рыбакина жоғары марапат үшін алғысын білдірді.

– Әрине, мен отандастарымыздың қолдауын ұдайы сезінемін. Бұл мен үшін үлкен қуаныш пен жауапкершілік. Кеше Қазақстанға ұшып келгенде мені қарсы алған адамдардың көп болғанын көрдім. Бұл жағдайдың менің басымнан өтіп жатқанына әлі де сене алар емеспін, – деді теннисші.

Елена Рыбакина жүлде қаражатының бір бөлігін қайырымдылыққа және юниорларды қолдауға жұмсайтынын жеткізді.

– Менің ойымша, турнир ұйымдастырған немесе жас ойыншыларға грант тағайындаған дұрыс болады. Себебі мен мұнда зор қолдауға ие болдым. Енді жас буынның дамуына менің көмектесетін кезегім, – деді Елена Рыбакина.

Спортшы қаражаттың бір бөлігін жануарларға көмектесуге жұмсауды жоспарлап отырғанын айтты.

– Бірнеше күннен кейін АҚШ-та өтетін турнирлерге дайындала бастаймын. Биылғы мақсат – әлемдік рейтингтің ТОП-10 қатарына кіру. Басты мақсат – бірінші болу. Мен бұған ұмтыламын және бар күш-жігерімді саламын, – деді Уимблдон-2022 жеңімпазы.

Фото: primeminister.kz




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *