Әкімдер жалаң есеп пен жалған ақпарат берді – Смайылов - Exclusive
Поддержать

Әкімдер жалаң есеп пен жалған ақпарат берді – Смайылов

Бүгін Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. Бұл жиында энергия объектілері мен жылу желілерінің жай-күйін ревизиялау, ҚР геология саласын дамыту тұжырымдамасы мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов энергетикалық объектілер мен жылу желілерінің техникалық жағдайы туралы пікір білдіріп, әкімдерді қатаң сынға алды.

– Біз қыркүйек айында осы мәселеге қатысты арнайы Үкімет отырысын өткізгенбіз. Сол кезде әкімдіктер жылу беру маусымына сақадай саймыз, дайынбыз деді. Әкімдер ешқандай проблема жоқ деп баяндады. Алайда жалаң есеп пен жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді. Екі айдың ішінде екі бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды. Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жағдайды қатаң бақылауда ұстап, шұғыл шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды. Тексерулер басталды. Өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді. Бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмеген.
Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бізде қыс айлары өте қатал.
Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар, – деді Смайылов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы желілердің техникалық жағдайын тексеруді тапсырды.
 
– Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді. Желілердің техникалық жағдайын тексеруді жалғастыру керек, – деді ол.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-тен асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км.

Фото: Ukimet

https://t.me/kzexclusive




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.