37,3 млрд доллар: Үкімет мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың кешенді жоспарын бекітті
ҚР Үкіметі ірі мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жобаларды іске асыруға $37,3 млрд көлемінде инвестициялар тарту көзделіп отыр.
Қабылданған кешенді жоспар мұнай-газ, мұнай-газ өңдеу, сондай-ақ мұнай-газ-химия салаларында 20 маңызды жобаны іске асыруға бағытталған.
– Атап айтқанда, құжатта 2027 жылға қарай Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында мұнай өндіру деңгейін 105,5 млн тоннаға дейін және газ өндіру деңгейін 82,1 млрд м3 дейін арттыруға бағытталған ірі мұнай-газ жобаларын іске асыру жоспарланған. Бұдан басқа ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында үш жобаны іске асыру көзделген. 2029 жылға қарай Шымкент МӨЗ-інде өндіріс қуаты 6-дан 12 млн тоннаға дейін артады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде елімізде жылына 18 млн тонна мұнай өнімдері өндірілетін болады, – деп жазылған ресми хабарламада.
Сондай-ақ геологиялық барлау жобаларын іске асыру және кен орындарын игеру аясында инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $10 млрд-ты құрайтын 7 жоба көзделгені айтылды.
Коллаж: kursiv.kz



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.