Банктердің жалпы активтері 35,56 трлн теңгені құрады
2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторының жиынтық активтері қыркүйекте 1,3%-ға ұлғайып, негізінен банктік несиелердің 3,5%-ға және басқа банктерде орналастырылған депозиттердің 19,2%-ға өсуі есебінен 35,56 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың басынан бері жиынтық активтердің өсімі 14,1%-ға жетті.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды.
Ведомствода атап өткендей, екінші деңгейлі банктерде 12,16 трлн теңгені немесе активтердің 34,2 пайызын құрайтын жоғары өтімді активтердің айтарлықтай қоры бар. Өтімділік резерві банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
2021 жылғы қыркүйекте банк секторының міндеттемелері негізінен клиенттер депозиттерінің 2,3%-ға артуы есебінен 1,7%-ға өсті. 2021 жылдың басынан бері міндеттемелердің өсімі 14,7%-ды құрады.
Банктердің экономиканы несиелендіру көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 3,1%-ға ұлғайып, 16,96 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар, 2021 жылғы қыркүйекте заңды тұлғаларға берілген несиелер 2,1%-ға өсіп, 7,37 трлн теңгеге, жеке тұлғаларға берілген несиелер 3,9%-ға өсіп, 9,59 трлн теңгеге жетті.
2021 жылдың қыркүйегінде жаңадан берілген несиелердің көлемі 2021 жылдың тамызымен салыстырғанда 3,8%-ға ұлғайып, 1,92 трлн теңгені құрады.
2021 жылғы қыркүйекте халықты ипотекалық несиелендіру көлемі 3,8%-ға өсіп, 2,91 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың басынан бері бұл көрсеткіштің өсімі 22,6%-ға жетті.
Комментариев пока нет