Қазақстан Қытаймен шекарадағы жұмыстар бойынша келісімге келді
Қытай тарапы Қазақстан бағытында пойыздар санын көбейтіп, бос тұрған жүктерді қабылдауды көздеп отыр. Мемлекеттік кірістер комитеті осындай ақпарат таратты.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды.
11 қараша күні Қазақстан Республикасы мен ҚХР мүдделі мемлекеттік органдары арасында COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша бейнеконференция режимінде келіссөздер жүргізілді.
Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев, қытайлық тарапты ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы халық үкіметі төрағасының орынбасары Лю Суше басқарды.
Тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының автомобиль және теміржол өткізу пункттерінде өткізу жұмыстарын жеделдету, көлік құралдары мен жүктерге қатысты эпидемияға қарсы шараларды жүргізу бойынша бірлескен шаралар қабылдауға келісті.
Қытай тарапы «Қалжат-Дулаты» өткізу пунктінің қызметін қалпына келтіру үшін оның тарапынан бақылау-өткізу бекеттерінің эпидемияға қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша құрылыс жұмыстары қажет екенін атап өтті.
Осы ретте ҚХР ШҰАР халық үкіметі қатаң санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шараларын сақтай отырып, Қазақстан-Қытай шекарасындағы Майқапшағай – Зимұнай автомобиль өткізу бекетінің жұмысын қалпына келтіруге дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Қытай тарапы жақын арада Қазақстан Республикасы бағытында пойыздар санын көбейту және Қазақстан тарапынан бос тұрған жүктерді қабылдау ниетін растады.
Комментариев пока нет