Сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді – Тоқаев
Президент Қостанай облысында болған өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өртті ауыздықтау, елді мекендердегі азаматтарды эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндамаларын тыңдады.
– Зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысып жатыр. Көмек көрсетілетіне ешқандай күмән болмауға тиіс, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен азаматтармен кездесті. Шұғыл әрекет ету штабы отырысынан кейін Мемлекет басшысы орман өртінен зардап шеккен Аманқарағай ауылының аумағын аралады.
Мемлекет басшысы Әулиекөл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде зардап шеккен азаматтармен кездесіп, гуманитарлық көмек тарату пунктіне барды. Зардап шеккендермен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шараларды қабылдайтынын айтты.
– Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді мемлекет басшысы.
Фото: t.me/bort_01
Комментариев пока нет