«Ақтауға келмейтін әрекет»: Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікір білдірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Тоқаев геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін атап өтіп, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін айтты.
– Қазақстан жаһандық сауда-саттық пен мемлекеттердің әл-ауқатына кері әсер ететін экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ президент Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
– Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайтынын жеткізді.
Фото: aqorda



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.