English version

«Қанша айтуға болады»: Смайылов қарамағындағыларды сынға алды

Контекст дня — 8 сентября 2022 14:30
0 -1

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кәсіпкерлік қызметте «таза парақтан бастап» реттеуді енгізу және мемлекеттік бақылау мен қадағалауды автоматтандыру жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров көлік, сауда, қоғамдық тамақтану, қонақ үй қызметтері, жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өндіру өнеркәсібі, компьютерлік бағдарламалау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, ақпарат және байланыс салаларындағы реттеуші актілерге жүргізілген талдау аяқталғанын атап өтті. 

Осы жұмыстың бірінші кезеңі аясында тағы жеті сала бойынша талдау жалғасып жатыр. Бұл ауыл шаруашылығы, қоймалау, құбыр көлігі, құрылыс, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу, көші-қон, авторлық құқық және аралас құқықтарға қатысты. 

Смайылов тиісті үйлестірудің болмауынан кейбір мемлекеттік органдар белгіленген мерзімдерді сақтамайтынын және бұл бекітілген жоспар-кестені орындауды кешіктіретінін атап өтті. 

— Бұл реформаның маңызды екенін тағы да қайталаймын. Үнемі кейінге қалдыра беруге болмайды, бұл туралы қанша айтуға болады? Барлық негізсіз талаптарды тезірек алып тастауымыз керек. Реттеуші актілер бойынша барлық жұмысты биыл аяқтау қажет, — деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министр бизнеске қойылатын жаңа талаптарды енгізуде өте мұқият болу керектігін айтты. 

— Жаңадан қабылданатын реттеушілік талаптарға бақылауды күшейтуіміз керек. Егер «Атамекен» ҰКП тарапынан қандай да бір мәселе бойынша келіспеушілік болса, онда бұл мәселені шешу керек, бұған көз жұма қарауға болмайды, — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар отырыста мемлекеттік бақылау жүйесін толық автоматтандыруға көшу аясында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін талдау аяқталып, салалық тәуекелдер матрицалары қалыптастырылғаны атап өтілді.  Бүгінгі таңда «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі жаңартылып жатыр, оны 2023 жылдың ортасында  пайдалануға беру жоспарланып отыр. Премьер-министр бұл жұмысты жандандыруды және мемлекеттік органдармен келісу мерзімдерін қысқартуды қайта қарауды тапсырды.

Фото: UKIMET


Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.