Атырауда үлкен мұнай қоймасы салынады
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, Атырау облысы жұртшылығымен кездесті.
Атырау жерінен шыққан елге белгілі тұлғалар туралы естеліктен бастаған мемлекет басшысы мұнай мәселесі туралы сөз қозғады.
– Бүгінде мұнайдың бағасы едәуір жоғары тұр. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын мен Үкімет басқарған кезде мұнайдың бағасы 10-15 доллар еді. Ірі кен орындары игерілмеген, заманауи технология келе қоймаған шақ болатын. Мұнайды экспорттау жолдары шектеулі, өте қиын заманды бастан өткердік, – деді Тоқаев.
Президент бұл жиында «Қазмұнайгазға» жауапты тапсырма жүктеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу керек.
– «Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек. Мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешілуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеуіміз керек. Бұл өте маңызды мәселені Үкімет өз назарында ұстауы қажет. Осы мәселе бойынша негізгі шетел компанияларымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын.
Өңірдегі шетелдік компаниялар аймақтың білім беру, денсаулық сақтау және экология мәселелерін шешуге атсалысуы керек. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, инвесторларды осы жұмысқа жұмылдыруы қажет. Әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына баса назар аударылады. Осы мәселені Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қарауына шығару керек. Мемлекет мүддесі үшін инвесторлармен жалпы келісімдерді әзірлеу мәселесін пысықтауды тапсырамын, – деді Тоқаев.
Фото: ашық дереккөз

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.