Аягөзде жер үй өртеніп, бір үйдің төрт баласы көз жұмды
Абай облысына қарасты Аягөз қаласындағы жер үйлердің бірінде газ балоны жарылып, 4 бала қайтыс болды, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.
Журналист Гүлмира Әбіқайдың мәліметінше, оқиға кеше сағат 11:00 шамасында болған. Өрт сөндірушілер үй ішінен 8 жастағы егіздер мен 3 және 2 жастағы баланың денесін тапты.
– Газ балоны жарылып, бір үйден 4 бүлдіршін көз жұмды. Баланың үлкені 8 жаста, кішісі енді тәй-тәй басқан. Бұл отбасын жақсы білетін Аягөздік оқырмандарымның айтуынша, балалардың әкесі сантехник, анасы жұмыссыз. Аудандық басшылар табысың көп деп мемлекеттен алып отырған АӘК кесіп тастапты. Қайран шеше 4 балаға нәпақа болсын деп сүт сатуға үйден шығып кеткен екен. Базарға жүгіріп барып келгенде құлыншақтарының орнын сипап қалды. Көз алдындағы баладан әп сәтте айырылу деген қандай қиын… ешкімнің басына бермесін. Ананың декреттік уақытын балаға көңіл бөлу орнына нан табуға жүгіртіп қойған қу жоқшылық-ай, – деп жазды ол.
Айта кетейік, өрттің нақты неден болғаны белгісіз.
Фото: ашық дереккөз



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.