English version

Қазақстан мен Еуроодақ адам құқығы туралы бағдарламаларды талқылады

Контекст дня — 24 мая 2023 16:30
0 -1

Қазақстан мен Еуропалық Одақ (ЕО) 2023 жылғы 23-ші мамырда Астана қаласында Ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысын өткізді.

ЕО – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Қазақстан сыртқы саудасының үштен бірінен астамы және Қазақстанға жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың жартысынан астамы ЕО үлесіне тиесілі. Қазақстан –ЕО-пен 2020 жылдың 1 наурызында күшіне енген Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған бірінші Орталық Азия мемлекеті.

ЕО тарапы Премьер-Министр орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің 2023 жылғы 15 мамырдағы Брюссельге бірінші ресми сапарын атап өтті. Жоғарғы өкіл Жозеп Борреллмен және Комиссар Йоханссонмен кездескен осы бірінші ресми сапар негізінде ЕО пен Қазақстан жоғарыда аталған Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растады. ЕО пен Қазақстан виза беру рәсімдерін жеңілдету бойынша диалог құру туралы келісімді құптады.

ЕО саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларды толық жүзеге асырудың, сондай-ақ реформалар үдерісін жалғастырудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, Еуропалық Одақтың Қазақстанды толық қолдайтындығын білдірді. 2022 жылғы қаңтардың қайғылы оқиғаларына қатысты ЕО қаңтар оқиғаларын, оның ішінде адам құқықтарының бұзылуы мен билікті асыра пайдалану, азаптау мен қатыгездік жағдайларына халықаралық стандарттарға сәйкес толық, ашық және тәуелсіз тергеу жүргізудің маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті. БАҚ туралы жаңа заң жобасы бойынша Қазақстан ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі жөніндегі өкілімен кеңесетіндігін ЕО тарапына хабарлады.

ЕО өзінің санкцияларын жүзеге асыру жөніндегі Арнайы өкілі Дэвид О’Салливанның Астанаға 24-25 сәуірдегі іс-сапары кезіндегі ынтымақтастықтың жоғары деңгейін құптады.

ЕО 18-19 мамырда Алматы қаласында «ЕО-Орталық Азия» экономикалық форумын өткізгені және Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланыстары бойынша нәтижелі пікірталас үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Атқарушы вице-президент Домбровскис пен Премьер-Министр Смайылов арасындағы кездесуді еске сала отырып, екі тарап Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімін екі басым бағыт – тұрақты экономикалық өсу және заң үстемдігі – бойынша іске асыруға қолдау көрсететін 2021-2024 жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастық механизміне қатысты қаржыландыру келісіміне қол қоюды құптады.

Қазақстан мен ЕО Шикізат, аккумуляторлық батареялар мен жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері жөніндегі өзара түсіністік меморандумының Жол картасын жүзеге асыруға үлкен үміт артып, энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия және метан газдарын азайту сияқты мәселелерді талқылады. ЕО өз тәжірибесімен бөлісуді ұсынды.

Бұдан бөлек, ЕО пен Қазақстан азаматтық қоғам мен адам құқықтарын қолдау жөніндегі бағдарламаларды талқылады.

Қазақстанның Эразмус+ бағдарламасына (2021-2027жж.) қатысуы талқыланып, ЕО тарапы қазақстандық студенттердің Эразмус Мундус бірлескен магистратура бағдарламалары бойынша шәкіртақы жеңімпаздары арасындағы жақсы көрсеткішін ерекше атап өтті (2022 жылы рекордтық көрсеткіш – 59 жеңімпаз болды).

Қазақстанның Еуропалық Одақтың ғылыми-зерттеу және инновациялар жөніндегі бұрынғы негіздемелік бағдарламаларына қатысу тәжірибесіне сүйене отырып, ЕО Қазақстанды еуропалық әріптестерімен серіктестікте «Horizon Europe», соның ішінде Мари Склодавская-Кюри ғылыми ұтқырлық бағдарламасына қатысуға шақырды.

ЕО Қазақстанның Еуропалық жоғары білім кеңістігіне қосқан үлесін және оның Орталық Азиядағы жоғары білім кеңістігін құру арқылы осы рөлді кеңейту жөніндегі міндеттемесін құптады.

Сондай-ақ, Ынтымақтастық комитеті отырысының қатысушылары ЕО-Орталық Азия өңірлік ынтымақтастығын, оның ішінде сауда, білім беру, су және қоршаған орта, заң үстемдігі, қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымымен күрес және шекараны басқару салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

Отырысқа Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Еуропалық сыртқы істер қызметінің Еуропа және Орталық Азия бойынша Басқарушы директорының орынбасары Люк Девин төрағалық етті.


Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.