Қазақстан Орталық Азияда экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр – Тоқаев
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Exclusive.kz.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, форумға Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева қатысты.
– Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы. Оның негізгі миссиясы мынадай: Бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау; Екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау; Үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру; Төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру; Бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту. Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы геосаяси қысымдар елдерді алшақтатып жатқанын атап өтті.
– Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз, – деді президент.
Фото: aqorda



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.