Қазақстанда 22 мыңнан астам ресейлік жұмыс істеп жатыр – министр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова биылғы жылдың басынан бастап Қазақстанда ресми түрде 8 мың Ресей азаматы жұмысқа орналасқанын хабарлады. Ведомство тек ресми жұмыс істейтіндерді ғана есептеген.
– Бүгінгі таңда Ресейдің 22,5 мың азаматы Қазақстан аумағында жұмыс істейді және зейнетақы жарнасын төлейді. Оның ішінде биылғы жылдың басынан бері 8000 адам жұмысқа орналасты. Олар негізінен қызмет көрсету саласына келді – 72%. Өнеркәсіпте жұмыс істейтіндер – 16%, құрылыста – 9%, ауыл шаруашылығында – 2%. Кәсіптердің ішінде негізгілері – бухгалтерлер, клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджерлер, сатушылар. Тасымалдаумен айналысатын адамдар және жүргізушілер бар, – деді Тамара Дүйсенова.
Министр елде жұмыс істейтін ресейліктердің саны азайғанын атап өтті. Өткен жылы Қазақстанда Ресей Федерациясының 32 мың азаматы еңбек еткен.
Ішінара жұмылдыру басталғалы Ресей азаматтары Қазақстанға қоныс аудара бастады.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 21 қыркүйектен бері шекараны 200 мыңнан астам адам кесіп өткенін айтқан еді.
Фото: Informburo.kz

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.