English version

Қазақ тілін меңгермеген азаматтар қысым көрмеуге тиіс – Тоқаев

Контекст дня — 27 апреля 2023 14:30
0 -1

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Exclusive.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі бірліктің маңызы туралы айтып, Ассамблея мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт екенін жеткізді.

– Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент қазақ тілін меңгеру азаматтың қаншалықты патриот екенін көрсететінін айтты.

– Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды, – деді мемлекет басшысы.

Фото: Aqorda


Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.