Депутаттар Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қауіп төніп тұр деп дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай әріптестерімен бірге Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қауіп төніп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Exclusive.kz.
Депутаттың айтуынша, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүгінгі жағдайы мүшкіл.
– Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда Қожа Ахмет деп мақтанатын теңдесі жоқ құрылысымызды 6 күнде жер астына жіберіп алсақ, 6 құрлықтың алдында жерге қарайтынымыз анық. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдадым. Естеріңізде болса, бір айға созылған сапарымызды Түркістан өңірінен бастаған едік. Сол сапар барысында біз шұғыл шешуді талап ететін бір ұятты жағдайды көрдік. Ол – Қазақ мемлекетінің ғаңа емес, әлемнің тарихында ойып тұрып орын алған, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген, VI – ғасырдан астам уақыттың куәсі болып, мемлекетіміздің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүгінгі мүшкіл жағдайы.
Атап айтатын болсақ, кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі, кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Өзге де олқылықтар жетеді. Сол себепті Алтай Сейдірұлына кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуды, Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын AMANAT фракциясының алдында баяндап, есеп берулерін талап еттік, – деп жазды депутат facebook парақшасында.
Фото: ашық дереккөз



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.