«Дикий Арманның» ісі туралы жаңа мәліметтер пайда болды
Бас прокуратураға қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы «Дикий Арман» тобының қызметі туралы мәлімет берілді. Қылмыскерлер Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингтерінде кепілге алынғандарды ұстап отырғаны айтылды.
Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев қаңтар оқиғасында Арман Жұмагелдиев ерекше рөл атқарғанын айтты.
– 6 қаңтарда оның тобындағы біреу Алматыдағы Қазақстан қонақ үйіне ұйымдасқан түрде келген қылмыскерлерге Glock және Макаров маркалы тапаншаларды үлестірді. Қаруланған қылмыскерлер бір уақытта ұйымдастырушы мен оның қол астындағылардан нұсқаулар алды. Олар қылмыс жасаудағы рөлдерін анықтай отырып, серіктестерін 10 адамнан тұратын топтарға бөлді. Басшылар тағайындалып, оларға ұйымдастырушылар 200 мың теңге, қорғаныс құралдары, атыс қаруын берген, – деді Шалабаев.
Оның айтуынша, ерекше белгі ретінде барлық қылмыскерлердің жеңдерінде ақ таңғыштар болған.
– Қарулы қылмыскерлер тобы қаланың түрлі нүктелерінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, Ritz Carlton және Қазақстан қонақ үйлерінің паркингтерінде ұстады. Дене жарақатын салу нәтижесінде зардап шеккендердің бірі қайтыс болды, – деді ол.
Комментариев пока нет