Елге келген ресейліктерге қамқорлық көрсетуіміз керек – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, халықпен кездесті. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Түркістанға сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.
Президент халықаралық жағдай туралы пікір білдіріп, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кеткенін атап өтті.
– Қазіргі халықаралық ахуал жөнінде қысқаша айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан, парасаттылық пен сабырлылық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек, – деді Тоқаев
Сондай-ақ, мемлекет басшысы көрші елдермен тату болу керек екенін баса айтып, Ресейден келіп жатқан азаматтарға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет екенін жеткізді.
– «Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым, – деді мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда
Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.