Elge Qaitaru Тимур Құлыбаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың активтеріне шабуыл жасауда - Exclusive
Поддержать

Elge Qaitaru Тимур Құлыбаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың активтеріне шабуыл жасауда

«Elge Qaitaru» қоғамдық қоры соңғы он жыл ішінде бірнеше миллиард долларды құрайтын активтердің елден заңсыз шығарылғаны туралы жан түршігерлік фактілерді жария етті.

Естеріңізге сала кетейік, Elge Qaitaru қоры өз қызметінің алғашқы қадамы ретінде еліміздің құқық қорғау органдарының бірінші басшыларына –Назарбаев қорында шамамен 8 миллиард АҚШ доллары сомасында активтердің бар-жоғын тексеруді талап етіп өтініш жасаған болатын. Ресми түрде білім беру қызметімен айналысатын аталмыш қор банктердің,  қонақ үйлердің, телекоммуникациялық компаниялардың, гольф алаңдары мен ұшақтардың қожайыны, яғни меншік иесі саналатыны белгілі болды.

Сондай-ақ, аталған қор 2003 жылы «CNPC – Ақтөбемұнайгаз»  АҚ мемлекетке тиесілі акцияларының бұғаттаушы пакетін (25.12%)  Қазақстанның қор биржасындағы сауда-саттық арқылы сату бойынша жасалған мәміленің мән-жайын да тексеруді талап етуде. Мұндай мәміленің мән-жайларына жүргізілген талдаулар сатылып жатқан акциялардың бағасы айтарлықтай төмендетілгенін және жымқыру, ұрлау фактілері бірнеше жүздеген миллион АҚШ долларын құрағанын көрсетіп отыр, бір сөзбен айтқанда осындай болжам жасауға толық мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған мәміленің нәтижесінде Т. Құлыбавтың сенімді өкілі Арвинд Тику 165,9 млн АҚШ долларын заңсыз иемденген. Мәмілеге сол кезде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болған К.Қ.Мәсімов жауапты болғаны белгілі.

Аталған акциялардың мемлекеттік пакеті 2003 жылдың 29 мамырында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитеті есептеген, бастапқы бағасы 23446 теңге (155.7 АҚШ доллары) болған кезде, бір акцияның құны 9100 теңгемен (60.5 АҚШ доллары)  сатылып кеткен. Нәтижесінде мемлекетке сатудан түскен түсім – мүмкін болатын 58.14 млрд. теңгенің (386.4 млн АҚШ доллары) орнына 22.6 млрд теңгені ғана (150.2 млн АҚШ доллары) құраған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитетінің сұрауы бойынша акциялардың бұғаттаушы мемлекеттік пакетінің бағасы (386.4 млн. АҚШ доллары), оның нақты нарықтық құнынан әлдеқайда төмен болды. Мұндай әрекеттер 2003 жылы сатылған акциялардың мемлекеттік пакетіне 2004 жылдың қорытындысы бойынша 140 миллион доллардан астам сомаға дивидендтердің төленгенімен де дәлелденіп отыр. Бәлкім, «CNPC – «Ақтөбемұнайгаз» АҚ акцияларының 25,12% нақты құны 1,5-2 млрд. АҚШ доллары көлемінде болатын да шығар.

«CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ акцияларының бұғаттаушы мемлекеттік пакетін қатысу үлесінің 49%-ы  «Darley Investments Services Ltd» оффшорлық компаниясына тиесілі Қытай ұлттық мұнай компаниясының еншілес кәсіпорны сатып алған. Аталған компанияның жалғыз бенефициар иесі Арвинд Тику көптеген жылдар бойы  Т.А. Құлыбаевтың сенімді өкілі болып табылады.

Одан әрі «Darley Investments Services Ltd» еншілес компаниядағы өзіне тиесілі қатысу үлесінің 49%-ын Қытай ұлттық мұнай компаниясының басқа да құрылымдық бөлімшелеріне екі мәміле жасасу арқылы сатып жібереді, мұндай қызмет үшін жалпы сомасы 165,9 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады, мұндай іс-әрекеттер мемлекетке тиесілі активті нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен сатуды ұйымдастыру үшін ұсынылған пара дегенді білдіреді.

Жоғарыда көрсетілген соманың бір бөлігі Т.А.Құлыбаев тобының бизнес-жобаларын қаржыландыруға жұмсалған, ал 50 млн. АҚШ доллары Құлыбаевтың, оның отбасы мүшелерінің және жақын адамдарының жеке қажеттіліктері үшін бизнес-класты ұшақ сатып алуға пайдаланылған.

Сондай-ақ 2009 жылғы қарашада «ҚазМұнайГаз» мемлекеттік мұнай компаниясына қарасты «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының 100% акциясын сатып алу фактісі де тексеруді талап етеді, бұл ретте Қазақстан бюджеті «Central Asia Petroleum Ltd» компаниясы төлемеген 1,8 млрд. АҚШ доллары сомасы көлемінде мемлекетке түсетін салықтан қағылған, аталмыш компания иелерінің қатарында Т.Құлыбаев пен Лакшми Миттал болғаны белгілі.

Салық заңнамасына сәйкес қазақстандық актив құнының өсіміне Қазақстан Республикасының аумағында салық салынуы тиіс болатыны белгілі. Аталған жағдайда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акциялары осындай активтер қатарына жататынын жақсы білеміз. Мұндай мұнай өндіруші кәсіпорын жылдық өндіру көлемі шамамен 5-6 миллион тонна мұнайды құрайтын еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі болса да,  бір кездері шетелдік инвесторға, әлдебір индонезиялық Central Asia Petroleum Ltd компаниясына салыстырмалы түрде алғанда, аз ғана сомаға сатылып кеткен. 

Интернетте жарияланған құжаттардан индонезиялық компания акцияларының 28%-ы оффшорлық құрылымдар арқылы Тимур Құлыбаев пен оның серіктесі, яғни  шыққан тегі үндістандық ағылшын миллиардері Лакшми Митталға тиесілі екенін көруге болады. Алайда  қалған 72%-на кімнің иелік еткені әлі күнге дейін белгісіз.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акцияларының 100%-ын қытайлық CNPC Exploration and Development Company Ltd компаниясына тиесілі Mangistau Investments B.V. оффшорлық компаниясы мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» ҰК 2,6 млрд. долларға сатып алған.

Мәміле тікелей сатып алу ретінде емес, Қазақстан қор биржасында акцияларды сатып алу- сату ретінде ресімделген. Бұл Салық кодексінде қамтылған норманы пайдалану үшін әдейі жасалғаны және мына мәселелерді көздегені белгілі: егер акциялар ашық сауда барысында сатылған және сәйкесінше қор биржасында сатып алынған болса, онда олар бойынша құн өсіміне табыс салығы салынбайды.

Алайда, ғаламторда жарияланған құжаттардан 2009 жылғы 25 қарашада KASE-де «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның 100% акциясын сатып алу-сату  ашық сауда-саттық ретінде, яғни бүркемеленген тікелей мәміле болғанын аңғаруға болады.

Бұған мынадай нақты фактілер мысал бола алады. Біріншіден, мәміле жасалғанға дейін бір жыл бұрын сатып алушы мен сатушы алдын ала белгілі болған. Екіншіден, бір ғана сатып алушы болған. Үшіншіден, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорынның акциялары сатылатын болғандықтан, мұндай жағдайларда заңнама құзыретті мемлекеттік органның алдын ала рұқсатын алу талап етілетіні белгілі, оның үстіне «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акциялары бойынша мақсатты ашық сауда-саттықтары KASE-де өткізілмеуі тиіс болатын-ды.

Қазақстандық заңнамаға сәйкес «Маңғыстаумұнайгаздың» акцияларын сатып алу-сату іс жүзінде «тікелей мәміле әдісімен» жасалғандықтан, сатушы компания Central Asia Petroleum Ltd «Маңғыстаумұнайгаздың» акциялары құнының өсімінен түскен табыстан Қазақстан Республикасының бюджетіне салық төлеуге тиіс болатын-ды.

Сатушы Central Asia Petroleum Ltd. компаниясы Қазақстан Республикасындағы қызметін филиалы мен өкілдігі арқылы жүзеге асырып келген. Демек, Central Asia Petroleum Ltd. тұрақты жұмыс істейтін мекеме ретінде таза табысына қосымша 15 пайыздық салық төлеуге міндетті деген сөз.

«Маңғыстаумұнайгаз» акцияларының бастапқы құны 719,7 миллион ​​АҚШ долларын (107955302000 теңге) құрааған. Демек, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акцияларын 2,6 миллиард АҚШ доллары көлемінде жалған сату бағасымен сатылғанның өзінде, құн өсімінен түсетін табыс 1,9 миллиард АҚШ долларын құрағанын ескере отырып, салық сомасы 652,4 миллион доллардан кем болмауы тиіс деген қорытындыға келеміз.

Сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның нақты нарықтық құны туралы да бірқатар мәселе туындап отыр. Негізі мұндай мұнай өндіретін кәсіпорынның құны кем дегенде 6 миллиард АҚШ долларын құрауы керек. Ал сатып алу құнын 2,6 миллиардқа дейін төмендету және сатып алуды CNPC Exploration and Development Company Ltd және «ҚазМұнайГаз» компанияларына тікелей емес, жанама түрде «Mangistau Investments B.V. оффшорлық компаниясына ресімдеу арнайы жасалған мәміле.

Сәйкесінше, қазақстандық актив құнының өсімі бастапқыда есептелген 1,9 миллиард доллар емес, тұтастай алғанда 5,3 миллиард долларды құрап отыр. Ал Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне төленбеген табыс салығы – 1,8 миллиард доллар көлемінде.

Желідегі құжаттардан  «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ  акцияларының 28%-ы  индонезиялық Central Asia Petroleum Ltd компаниясы арқылы Тимур Құлыбаев пен Лакшми Митталға бірдей тиесілі болғанын көруге болады, американдық «Форбс» журналының тізімінен жоғарыда аталған миллиардерлер төленетін салықтан қанша ақша үнемдегенін өздеріңіз есептей беріңіз.

Сондай-ақ белсенділер 2011 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясының сол кездегі түпкілікті бенефициары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Т.А. Құлыбаев болған «Ақтаунефтесервис» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін сатып алуының мән-жайларын және 2004-2007 жылдары Т.А.Құлыбаев басқарған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі барлық сервистік кәсіпорындарды бірқатар тұлғалардың бейінді емес активтер ретінде тым арзан бағаға сату фактілерін тексеруді талап етіп отыр.

«Ақтаунефтесервис» ЖШС негізінен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның (қызмет көлемнің 90%-дан астамы) мұнай-сервистік қызметін көрсетумен айналысып келген. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акцияларының 50%-ы «ҚазМұнайГаз» ҰК-на тиесілі. Оның тікелей сатып алушысы «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның 100% еншілес ұйымы Cooperative KMG PKI UA компаниясы болды. Мәміле құны 334 млн. долларды құраған.

«Ақтаунефтесервис» ЖШС «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның бұрынғы меншік иелерінен, соның ішінде Рашид Сәрсеновтен тартып алғаннан кейін Т.А. Құлыбаевтың меншігіне өткен, бірқатар заңды тұлғалардың 100% үлестеріне иелік ететін холдингтік типтегі  ұйым болып табылады.

Мұндай процесс 2009 жылдың қараша айында аяқталған болатын. Ол кезде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акцияларының 100%-ы «ҚазМұнайГаз» ҰК мен қытайлық СNPC бірлескен кәсіпорнына сатылған-ды.

Ал мұнай өңдеу активтері, оның ішінде Павлодар мұнай-химия зауыты және қосалқы активтер, оның ішінде «Ақтаунефтесервис» ЖШС Т.А. Құлыбаевтың меншігіне өткен. Бұған 2008 жылғы 24 тамыздағы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның жалғыз акционері болған «Central Asia Petroleum Limited» компаниясының активтерін қайта құрылымдау деп аталатын келісім дәлел бола алады. Мұндай құжатты Тимур Құлыбаевтың жақын адамдары Джитендра Гупта мен Мария Созинова әзірлеген. Аталған құжатта 2011 жылдың маусымында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 334 млн. долларға сатып алған барлық активтер тізімі көрсетілген.

Белсенділер аталған топтың 2004-2007 жылдары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі барлық сервистік кәсіпорындарды бейінді емес активтер ретінде сатып жібергеніне назар аударуды сұрап отыр.

Т.А. Құлыбаевтың жалған құрылымдар арқылы бар-жоғы 10 млн. АҚШ долларына сатып алған «ҚазҚұрылысСервис» компаниясы бойынша ғана Қазақстан Республикасына келтірілген залал көлемі кемінде миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Мұндай бағалау «ҚазҚұрылысСервисті» сатып алғаннан кейін көп ұзамай Т.А. Құлыбаев жасаған мәміле негізінде іске асырылған. Сол кезде «ҚазҚұрылысСервистің» қатысу үлесінің 7,5%-ы «Credit Suisse» және «Goldman Ѕасһѕ» инвестициялық банктеріне 75 млн. АҚШ долларына, яғни «ҚазҚұрылысСервис» компаниясының нарықтық құны есебінен 1 млрд. АҚШ долларына сатылған.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, «ҚазМұнайГаз» АҚ шетелдік еншілес компанияларының ауқымды қаражаттары (жекелей айтқанда, KazMunaiGaz AG (Лугано қ., Швейцария) Т.А. Құлыбаевтың, Д.Н. Құлыбаеваның және Д.Т. Сүлейменовтың мүдделері үшін бағасы тым жоғары сән-салтанатты жеке кештерді, жеке сатып алуларды, қызмет көрсетуші қызметшілерді  жалға алуды және т. б. мемлекеттік ақшамен төлеу үшін пайдаланылғаны анықталып отыр.

Дәл осы дереккөздерде құны миллиардтаған АҚШ долларын құрайтын «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның маңызды өндірістік активтерінің негізінде «ҚТЖ» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «Қамқор Менеджменттің» құрылғаны туралы мәліметтер де бар. Алайда, кейінірек «Қамқор Менеджмент» компаниясы акцияларының 50%-ын түпкі бенефициары Т.Құлыбаев болып табылатын «Harad Operation UK Limited» (Ұлыбритания) оффшорлық компаниясы жұмбақ жағдайда иеленгені белгілі болды.

2015 жылы активтері миллиардтаған АҚШ доллары тұратын «Қамқор Менеджмент» компаниясындағы 50%-дық мемлекеттік үлес шамамен 55 миллион АҚШ долларын құрайтын күлкілі сомаға сатылып кете берген.

Сайып келгенде, ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP), қазақстандық «Vласть» басылымы мен Қырғызстанның Kloop басылымы бірлесіп жүргізген тергеу нәтижелерінен Қазақстанның бұрынғы президенті және еліміздің Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қайырымдылық қорлар желісі арқылы банктерге, қонақүйлерге, телеарналарға және басқа да активтерге иелік ететіні белгілі болып отыр.

Жүргізілген тергеу Назарбаев президент бола отырып, атаулары ұқсас және есептері бұлыңғыр төрт жеке қайырымдылық қорын құрғанын және оларды осы күнге дейін жасырын түрде басқарып отырғанын көрсетті. Ресми тұрғыдан алғанда аталған қорлар қайырымдылықпен, яғни қазақ тілін танымал етумен және балаларға сыйлықтар жіберумен айналысатын ұйым, сөйте тұра аталған қордың Назарбаевқа тиесілі ірі активтерді басқаратыны анықталды.

Мұндай активтердің қатарын банктер, телеарналар, қонақ үйлер, құны 100 миллион доллардан асатын жеке ұшақ, гольф алаңы, миллиардтаған доллар қолма-қол ақша қаражаты толықтырып отыр. «Көрікті нысандардың қатарында қоймалар, макарон фабрикасы бар. Тіпті мұндай тізімдердің ішінде біршама уақыт аумақты абаттандыру компаниясы да болған, – дейді тергеу авторлары.

Журналистер ресми түрде білім беруді қолдаумен айналысатын «Назарбаев Қоры» Jusan Technologies компаниясы акцияларының бақылау пакетін иеленетінін, ал аталмыш компанияға Қазақстан мен Ресейдегі интернет-дүкендер, Kcell және Jusan Mobile ұялы байланыс операторлары, азық-түлік өнімдерінің дистрибьютор-компаниялары, Нұр-сұлтан мен Қостанай қалаларындағы сауда орталықтары,   брокерлік компаниялар тиесілі екенін анықтады. Компанияның активтері 7,8 млрд. долларға бағаланып отыр.

«Ұшатын пентхаус» деп аталатын Airbus ACJ320Neo жеке ұшағын бұрынғы президент – «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры» құрған басқа қор сатып алған. Қазіргі уақытта әуе кемесі Президенттің Іс басқармасының қарамағындағы Қазақстанның мемлекеттік әуе компаниясы – Berkut Air флотында тұрғаны белгілі.

Elge Qaitaru қоғамдық қоры ел Президентінің уәкілетті органдарға сыбайлас жемқорлық фактілерін толық тексеру туралы нақты нұсқаулар беруін және тексеру барысын қатаң бақылауға алуын және Т. Құлыбаев командасының көпжылдық мүшесі саналатын У.Байжановты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының активтерді қайтару жөніндегі арнайы комиссиясының басшылығынан шеттетуді талап етіп отыр.




1 Комментарий

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.