Елімізде радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге орын жоқ – Тоқаев
Атырау облысына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесу өткізді.
Кездесуде түрлі мәселелер айтылды. Атырау облысындағы мұнай мәселесі, білім мен жұмыс орындары сөз болды. Сондай-ақ дін мәселесі де қалыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге орын жоқ екенін баса айтты.
– Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямызда дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес.
Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған. Шариғаттың шарттары мен халқымыздың әдет-ғұрпы үндескен дәстүрлі ата дініміз бар. Оның асыл құндылықтары осы күнге дейін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеп келеді. Ата жолын сақтап, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстау – біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды, – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта жиі айтылып жүрген атом бомбасына қатысты пікір білдірді
– Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған. Атом бомбасы да, атом энергиясы да – адамзаттың ақыл-ойының жемісі. Яғни, қанша жерден білімді болса да, ізгілікке ұмтылмаған адам елге пайдасын тигізбейді. Сондықтан, озық білім мен өнегелі тәрбиені ұрпақтың бойына қатар сіңіруіміз қажет, – деді президент.
Фото: ашық дереккөз

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.