Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім – Тоқаев
Бүгін Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.
Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді.
– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы сайлауға қатысқан жұртшылыққа алғыс айтып, ел үмітін ақтауға серт етті.
– Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Сайлауға қатысқан барша жұртқа ризашылығымды білдіремін». «Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым. Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады, – деді Тоқаев.
Фото: Борт 01

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.