«Ерекше маңызы бар»: Тоқаев бірқатар заңға жария түрде қол қойды
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңға жария түрде қол қою рәсімін өткізді.
Президент конституциялық реформа нәтижесінде әзірленіп, қабылданған алты заңға жария түрде қол қойды:
- «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;
- «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;
- «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;
- «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;
- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
- «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Тоқаев жиында референдумда азаматтардың басым көпшілігі конституциялық реформаға қолдау білдіргенін және сол арқылы халықтың бірлігі бекем екенін көрсеткенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңдарға жария түрде қол қою рәсімінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі Конституциялық заң деңгейінде бекітілгенін айтты. Сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарлама жайы сөз болды.
– Еліміздің басты байлығы – бұл біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы. Біз Конституциямызда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер және жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан, ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депуттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады. Елімізде келесі жылдың бірінші жартыжылдығында Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы жаңа, барынша әділ және ашық ережелер бойынша өтеді.
Фото: Борт 1

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.