Дәрігерді жауапқа тарту проблеманы шеше ме?
Поддержать

Дәрігерді жауапқа тарту проблеманы шеше ме?

Ендігі жерде егер дәрігердің қателігінен науқастың денсаулығына зарар келсе немесе ажал құшса, онда ол үшін дәрігер жауапқа тартылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ерлан Бекхожинге берген сұхбатында айтты.

Министр  науқастың мүддесін қорғап, ақ халаттылардың құқығын сақтауға мүмкіндік беретін жаңа реформаны тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде дауды сотқа дейін жеткізбей, медиация тəртібімен реттеуге мүмкіндік береді.

«Өкінішке қарай, дәрігерлер де қателеседі. Мәселен, АҚШ-та дәрігердің қалт кетуі 25 процентке дейін тіркеледі. Егер біз әрбір маманды жазалап, соттайтын болсақ, онда елде медициналық қызметкер қалмайды. Егер жұмысына немқұрайлы қарап немесе науқасқа әдейі зиян келтірсе, онда қатаң жауапқа тарту керек. Абайсызда болса, сақтандыру арқылы өтеуге мүмкіндік беріледі. Алайда дәрігер міндетті түрде қайта дайындықтан өтіп, біліктілігін арттыруы тиіс, содан кейін ғана ол жұмысқа кірісе алады. Мұндай әдіс дамыған елдерде қолданылады. Сонымен қатар бірде-бір дәрігер операция бөлмесіне сақтандырусыз кірмейді», – деді ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Министрдің бұл сөзімен келіспейтін дәрігерлер де жоқ емес. Мысалы, аты-жөнін өзгертіп беруді өтінген алматылық хирург-дәрігер Алмас Сақыпұлы: «Дұрыс та шығар, екі тарапты жауапкершілікке шақыру үшін. Алайда дәрігер де – пенде. Алдындағы науқастың өте күрделі организмінің сырын дөп басып, емін дұрыс қоя алмауы әбден мүмкін. Мысалы, сіздің ағзаңыз антибиотикті еркін қабылдайды. Ал келесі бір науқастың ағзасы бастапқыда қабылдаған антибиотикке уақыт өте келе, күтпеген жерден қарсылық танытуы мүмкін ғой. Осындай жағдайда дәрігерді кінәлауға бола ма? Меніңше, кез келген дәрігер науқасын емдегісі келеді. Нақақтан нақақ науқасын өлтіруге ұмтылатын дәрігердің болуы мүмкін емес деп санаймын. Сондықтан науқастың шағымы бар екен деп жаппай дәрігерлеріміз жауапқа тартылып кете ме деген қаупім де жоқ емес»,- дейді.

Ал дәрігердің біліксіздігінен жапа шеккен Дінмұхамед Бекталы: «Өте дұрыс! Әрбір дәрігер қатаң біліктілік сынағын тапсырып, тексерілуге тиіс. Белімдегі грыжаны ота жасап алдыртамын деп, денсаулығыма аса ауыр нұқсан келді. Белдегі грыжа алынды дегенімен, күні бүгінге дейін ауруымнан айықпадым. Қазір екінші топтағы мүгедекпін. Егер дәрігер отаны сауатты жасағанда, бұлай болмас еді деп өкінемін. Ал дәрігерді жауапқа тарту өте қиын. Дәлелдеу қиын. Өйткені ішкі органдарыңды көзіңмен көре алмайсың. Ағзаңның әрбір қызметі туралы хабарың да жоқ. Сондайда дәрігерге не деп кінә артасың? Дәрігер кез келген өз саласына қатысты жауабын алға тартады емес пе?»,- дейді.

Министрдің жоғарыда айтқан сөзінен кейін дәрігер кінәлі деп шағымданушылар саны артып кетпей ме деген қауіп те жоқ емес. Қазір екінің бірі қит етсе, шағымдануға әзір тұратыны белгілі. Десек те, өз ісіне салғырт қарайтын сауатсыз дәрігерлердің алдына келген науқасын кейде мүгедек етіп, ал кейде тіпті ажал құшағына беріп жататын жағдай да өте көп. Науқас пен дәрігер арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігі сақталуға тиіс. Ал ол үшін министрдің бір ауыз сөзі аздық ететін сияқты.

Меруерт ХУСАИНОВА.




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *