Қазақстанда жалпы құны 386 миллиард теңге болатын ЖЭК объектілері салынады
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және Total Eren S. A Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды.
Қол қойылған құжат Қазақстан аумағында жалпы қуаты шамамен 1ГВт болатын, жел энергиясын пайдаланатын гибридті электр станцияларын дамытуға, қаржыландыруға, салуға және пайдалануға бағытталған. Бұл ретте жобада энергияны шоғырландыру, жинақтау және сақтау технологияларына негізделген энергияны жинақтау жүйесін пайдалану жоспарлануда.
Total Eren S. A компаниясы осы жобаны іске асыру үшін халықаралық қаржы институттарынан қаржыландыруды тарту бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Гибридті электр станцияларының құрылысы 386 млрд теңгеге бағаланып отыр. Бұл ретте 2025 жылға қарай Қазақстанда жалпы құны 468 млрд теңгені құрайтын 34 жел электр станциясын және 91 млрд теңгеге 12 күн қондырғысын салу жоспарлануда. 1000 жұмыс орны ашылады.
«Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуінің бекітілген тұжырымдамасына сәйкес Энергетика министрлігі жаңартылатын энергетика секторын жоспарлы түрде дамытуда. Бұл әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлері үшін маңызды. Сондықтан біз өз тарапымыздан осы жобаны жүзеге асыруға көмек көрсетуге дайынбыз», — деді Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев.
«Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде электр энергиясын сақтауға арналған тиісті инфрақұрылымы бар жобаның қуаты 200 МВт құрайды. Жобаны 2024 жылдың соңында толық аяқтау жоспарланып отыр» делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Комментариев пока нет