Министр елдегі интернет сапасын қалай жақсартатынын айтты
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Digit EL ұлттық жобасын таныстырды.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды.
— Мемлекеттік бағдарламаның соңына дейін біз 100% жоғары сапалы интернетке қол жеткізуіміз керек. Қалада 10 Мбит/с, ауылда 5 Мбит/с. Біз сапа параметрлерін орнаттық, бұрын мұндай болмаған. Мысалы, халықтың 99 пайызы 3G немесе 4G желісімен қамтылғанын айттық. Бірақ ешқашан сапа параметрлері жарияланған жоқ. Біз талдауды бастағанда, 3G белгісінің бар-жоғына емес, интернет бар ма, жоқ па деген мәселеге назар аудардық, – деді министр.
Ол Қазақстанда 617 ауыл бар екенін, ауылдық жерде интернетке қосылу қиын екенін айтты. Мусин екі компаниямен келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олардың бірі SpaceX. Сондай-ақ, елдегі интернет сапасын қалай жақсартатынын айтты.
— Қазақстан территориясы көп жағдайда ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Премьер-министрмен бірге ауылшаруашылық фермаларын аралағанымызда барлығында бір сұрақ болды – инфрақұрылымды қамтамасыз ету және қандай қосымшалар мен технологияларды қолдану. Бірақ қазір инфрақұрылымды дамытпай, технологияларға көшуді талап ету дұрыс емес. Сондықтан біз еліміздің ауылдық аумақтарының 15,7 пайызын сапалы интернетпен қамтамасыз етеміз, – деп түсіндірді Бағдат Мусин.
27 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын білдірді. Осыған байланысты ол үкіметке әкімшілік құрамды заңнамалық тұрғыдан реттеуді және мұндай заңбұзушылықтар үшін жазалауды тапсырды.
Комментариев пока нет