Тоқаев ҰҚШҰ әскерлері елде қанша уақытқа қалатынын айтты
Мемлекет басшысы мен Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишельдің екіжақты келіссөздері бейнеконференцбайланыс арқылы өтті. Виртуалды кездесу еуропалық тараптың бастамасымен өтті.
Әңгіме барысында тараптар Қазақстанның қазіргі ішкі саяси ахуалын және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады.
Шарль Мишельдің өтініші бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев елде болып жатқан оқиғалардың себептері мен мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы толық ақпарат берді. Президент конституциялық құрылысқа нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған лаңкестер мен қарақшылардың айуандық зорлық-зомбылық әрекеттеріне тоқталды.
Президент орын алған қайғылы оқиғаларды бұрын-соңды болмаған басқыншылық және мемлекеттігімізге қол сұғушылық деп атады. Ол лаңкестердің зорлық-зомбылық әрекеттерінен құқық қорғау органдары қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың көптеген құрбандары болғанын, 1300-ге жуық кәсіпорынға зақым келгенін, 100-ден астам сауда орталығы мен банктерге шабуыл жасалғанын, 500-ге жуық полиция көлігі өртенгенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекетке келтірілген экономикалық шығын алдын ала 2-3 миллиард долларды құрауы мүмкін.
— Бұл теракт екеніне күмәнім жоқ. Негізінен Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Ауғанстаннан келген шетелдік жауынгерлердің қатысуымен Қазақстанға қарсы жақсы ұйымдастырылған және жақсы дайындалған басқыншылық актісі. Таяу Шығыстан келген жауынгерлер де болды. Сондықтан Қазақстанда антитеррорлық операция басталды, — деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің аумағына ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің орналастырылуын нақты түсіндірді.
— Мен олардың әскери операцияларға қатыспайтынын атап өткім келеді. Олардың негізгі міндеті – Алматы мен Қазақстан астанасындағы стратегиялық нысандарды қорғауды қамтамасыз ету. Бұл қазақстандық күш құрылымдарына лаңкестерге қарсы іс-қимылдарды жүргізуге мүмкіндік берді. ҰҚШҰ бітімгершілік күштері ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік шартының 2 және 4-баптарына сәйкес орналастырылды. Жағдай толық тұрақтанғанша олар Қазақстанда қалады, — деді мемлекет басшысы.
Комментариев пока нет