NCOC мердігер және қосалқы мердігер ұйымдардың жұмыскерлерінің табысын көтерді
Поддержать

NCOC мердігер және қосалқы мердігер ұйымдардың жұмыскерлерінің табысын көтерді

Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компаниясы қазақстандық мердігер және қосалқы мердігер ұйымдардың жұмыскерлеріне еңбекақы төлеуді қайта қарау бойынша шешім қабылдады.

Мердігер және қосалқы мердігер ұйымдардың жұмыскерлеріне төленетін жалақыны тікелей сол ұйымдардың басшылығы белгілейтінін атап өткен жөн. NCOC компаниясы мердігерлердің басшылығына жоғары басшылық құрамынан басқа қызметкерлер үшін 60 000 теңге мөлшерінде (барлық салық төлемдері және міндетті аударымдар төленгенде) ай сайынғы еңбек үстемеақысын орнату туралы ұсыныс жасады. Осы үстемеақы және оның салық төлемдері мен міндетті аударымдары Оператор тарапынан өтеледі және 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енеді.

NCOC басшылығы мен СКЖ акционерлері үстемеақыны еңбекке ақы төлеудің қолданыстағы
деңгейлеріне қарамастан тең мөлшерде көтеруді осы мәселедегі әділ тәсілдеме деп санайды.

NCOC басшылығы мен СКЖ акционерлері өз қызметінде корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласындағы және еңбекке әділ ақы төлеу мәселелеріндегі ең үздік әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, халықтың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және жобада еңбек етіп жатқан адамдарға қамқорлық таныту бойынша қолдау көрсету ретінде ерікті шешім қабылдап отыр.

Персоналдың қауіпсіздігі мен аман-саулығын ойлау — NCOC мен СКЖ акционерлері үшін ең басты міндет. Қазақстан Республикасының Yкiметiмен, СКЖ акционерлерімен және жергілікті билік органдарымен бірге әлемдік деңгейдегі жобаға тартылған қазақстандық азаматтарды әлеуметтік қолдау, оқыту және кәсіби дамыту мәселелері бойынша, сонымен қатар жергілікті бизнес үшін мүмкіндіктер жасау бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.

Қазіргі кезде Солтүстік Каспий жобасында қазақстандық мердігер және қосалқы мердігер
ұйымдардың жеті мыңнан астам жұмыскері еңбек етіп жүр.

Айта кетейік, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы (NCOC) 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім (ӨБК) мен оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар шеңберінде консорциум құрамындағы жеті серіктес компания атынан мұнай операцияларының операторы ретінде қызмет атқарады.




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *