Зеленский Ресейдің шабуылдайтын күнін атап, үндеу жасады
Поддержать

Зеленский Ресейдің шабуылдайтын күнін атап, үндеу жасады

Украина президенті Владимир Зеленский халқына видеоүндеу жолдап, 16 ақпан мемлекеттік мереке — Украинаның бірлігі күні болатынын жариялады.

Бұл күні барлық елді мекендердегі үйлер мен ғимараттарда Украинаның мемлекеттік туын көтеру қажет болады.

— Бізді Ұлы соғыспен қорқытып отыр және тағы бір рет шабуыл күнін белгіледі. Бұл бірінші рет емес. Бірақ біздің мемлекет бүгінде бұрынғыдан да күшті. Бізге 16 ақпан күні шабуыл жасайтынын айтты. Біз оны бірлік күні етіп жариялаймыз. Тиісті Жарлыққа қол қойылды. Бұл күні біз ұлттық туымызды іліп, көк-сары лента байлап, бүкіл әлемге бірлігімізді көрсетеміз, — деді Зеленский.

Ол украин армиясы шабуылға қатты қарсылық көрсету үшін қазіргі заманғы қару-жарақ пен жауынгерлік рухқа ие екенін баса айтты.

— Біз ешқашан жеңілуді білмедік және оны үйренбейміз. Иә дәл қазір бұлыңғыр көрінуі мүмкін. Бірақ ертең тағы да біздің бейбіт аспанымызға күн шығады. Украинаны Жақсы Көріңіз! Біз сабырлымыз. Біз мықтымыз. Біз біргеміз. Ұлы елдің ұлы халқы, — деді Украина президенті.

Зеленский жақында Украинадан кеткен олигархтар мен кәсіпкерлерден елге қайтуды сұрады.

— Мен Украинада қалған адамдарға емес, ең маңызды сәтте оны тастап кеткендерге айтқым келеді. Сіздің күшіңіз сіздің ақшаңызда емес, ұшақтарыңызда емес. Ол азаматтық позиция көрсете алуыңызда. Өз адамдарыңызға және өз еліңізге оралыңыздар, — деп шақырды ол.




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.