Алматыда әскердің халыққа оқ атуын тергеуді талап еткен петицияға қол жинау басталды - БАҚ
Поддержать

Алматыда әскердің халыққа оқ атуын тергеуді талап еткен петицияға қол жинау басталды — БАҚ

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда Республика алаңында бейбіт халыққа оқ атқан әскерилерді жауапқа тарту туралы петицияға қол жинау басталды. Онлайн петиция 17 ақпанда secure.avaaz.org сайтында жарияланды, деп Азаттық хабарлайды.

«Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин Алматыда Республика алаңында оқ атылған жоқ деп мәлімдеді. Алайда керісінше болғанына дәлелдер бар.

6 қаңтарда сағат 18.30 шамасында алаңға келген әскерилер бейбіт шеруде тұрған халыққа қарсы оқ атқан. Бұған жүздеген куәлер бар, оның ішінде оқтан аман-есен құтылып тірі қалғандар да бар.

Бірақ Бас прокуратура қозғаған қылмыстық істер арасында осы факті бойынша қозғалған іс жоқ! Бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық берілген жоқ, ол қылмыскерлерге арналған дейді билік, алайда алаңда бейбіт шеруге қатысушылар және кездейсоқ адамдар қаза тапты» деп жазылған петицияда.

Петиция авторлары 6 қаңтарда кешке жақын алаңда 50 жастағы құқық қорғаушы Нұрәлия Айтқұлованың де кеудесіне оқ тиіп, ажал құшқанын жазған.

Олар Республика алаңы ғана емес, елдің барлық өңірінде оқиға кезінде күштік құрылымдардың қару қолдану фактілері бойынша қылмыстық іс қозғауын талап еткен. Оқиға құрбандарының толық тізімін жариялау туралы да талап бар.

18 ақпан түске дейін петицияға 244 адам қол қойған.

Петиция авторлары үндеу алғаш рет 15 ақпанда onlinepetition.kz сайтында жарияланғанын, бірақ 17 ақпанда сайттың хостингі өшірілгенін атап өткен.

Билік қаңтар қырғыны кезінде бейбіт халыққа оқ атылған жоқ деумен келеді. Бірақ қаңтар оқиғасында қаза болғандардың туыстарының мәлімдемелері оған кереғар.

Бұған дейін куәгерлер 6 қаңтарда Алматыда Республика алаңында әскери қызметкерлердің халыққа оқ жаудырғанын айтқан. Куәгерлер Азаттыққа халық билікке талаптарын бейбіт жеткізу үшін алаңға жиналған шақта әскерилердің тұтқиылдан келіп, ескертусіз оқ ата бастағанын айтқан.




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.