Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке ресми сапармен барып, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровпен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Келіссөздерге дейін Қырғызстан Президентінің «Ала-арча резиденциясы аумағындағы «Ақ кеме» мәрмәр шатырында салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Қырғызстанның әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды.
Мемлекет басшысы бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді.
– Мен сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмәнсіз айтуға болады. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде ынтымақтастық аясы барынша кеңейіп, достығымыз нығая түсті. Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз бар. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрліктері ықпалдаса жұмыс атқаруда. Қазақстан тек Қырғыз елімен осындай тығыз байланыс орнатқанын ерекше атап өткім келеді, – деді Тоқаев.
Садыр Жапаров өз кезегінде Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ, екі ел арасында ешқандай түсінбестік болмағанын атап өтті.
– Біз – ынтымақтастығы жарасқан бауырлас елдерміз. Екі ел арасында, тіпті өңірлеріміздің деңгейінде де ешқандай түсінбестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеміз, – деді Жапаров.
Фото ашық деректерден
Комментариев пока нет