«Кәсіпорын басшылығының кінәсі»: Смайылов 46 кеншінің өліміне кім кінәлі екенін айтты
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада орын алған өртке қатысты жағдай қаралды, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Смайылов Үкімет атынан және жеке өзінің атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, Тоқаевтың Костенко шахтасында кеншілердің қаза болуына байланысты тергеу жұмыстарын жүргізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын атап өтті.
– Биыл тамыз айында да «АрселорМиттал Теміртауда» осындай апат орын алған болатын. Ол кезде 5 шахтер қаза тапты. Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі, – деді ол.
Премьер-Министрдің айтуынша, компания өз міндеттемелерін орындамаған. Сондай-ақ “АрселорМиттал Теміртау” компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында екенін атап өтті.
Смайылов Қарағанды облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігіне тапсырма беріп, ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулықтарын қалпына келтіру екенін айтты.
Фото: ашық дереккөз



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.