«Кешірім сұраймын»: Тоқаев апатты жағдайға кінәлілердің бәрі жазаланатынын айтты
Президент Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты. Тоқаевқа Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрт сөндіру жұмысының барысы және табиғат апаты салдарымен күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Exclusive.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі дерек бойынша, 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Өрт сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылды.
Сондай-ақ президент «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты.
– Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз,– деді мемлекет басшысы.
Фото: aqorda
Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.