Үкімет басшысы авиация саласын сынға алды
Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, азаматтық авиация саласын одан әрі дамыту шаралары қаралды, деп хабарлайды Exclusive.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-Министр пандемиядан кейін еліміздің азаматтық авиациясы дамудың жаңа кезеңіне өтіп, жолаушылар саны артып, бұрынғы рейстер қалпына келе бастағанын, жаңа бағыттар ашылып жатқанын айтып өтті.
– Еліміздің кейбір әуежайларында ұшу-қону жолақтарына жөндеу жүргізу керек. Траптар мен жанармай құю машиналары сияқты арнайы техникалардың көбі ескірген. Әуежайлардың айналасындағы жерлер тұрғын үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдаланылуда. Яғни, халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етеді, – деді Смайылов.
Смайылов отандық авиакомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылатынын атап өтті.
– Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында Fly Arystan компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды, – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Отырыс қорытындысына сәйкес, Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдарға әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учаскелерін алып қою жұмыстарын жүргізуді, авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Фото: Ukimet
Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.