Үкімет маңызды шешімдерді шұғыл қабылдауы керек – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысып, Қазақстанды озық елге айналдыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.
– Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар, еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде терең өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз қажет. Ең бастысы, біздің барлық іс-әрекетіміз «Әділетті Қазақстан» құру қағидатына сай болуға тиіс. Алдымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни, экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұрғанын айтты.
– Бұл жерде, әрине, ең алдымен, Үкімет маңызды рөл атқаруға тиіс. Жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешуші қадамдарды жасауы керек. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Үкімет экономиканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие, – деді мемлекет басшысы.
Фото: aqorda



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.