Мұхтар Шаханов бүгін 80 жасқа толды
Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов 80 жасқа толды. Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген.
Шаханов «Отырар дастаны», «Жігерлендіру», «Шың басындағы оқиға», «Эверестке шығу», «Ғашықтық ғаламаты» секілді өлеңдердің авторы. Сондай-ақ, «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» әндерін жазған.
Мұхтар Шаханов 2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Биылғы жылдың 17 маусым күні ақын «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай кезінде мәлімдеді.
– Қадірлі ағайын, Құрылтайды барша жұртымыз үшін жағымды жаңалықпен аяқтағым келіп отыр. Кеше даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін білесіздер. Ол – Әнұранымыздың авторы, Ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Біртуар сазгерге құрмет көрсету – перзенттік парызымыз. Шәмшіні халқымыз «Қазақ вальсінің королі» деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашанда халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі. Жақында Шәмшінің іні-досы Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім, – деді мемлекет басшысы.
1 Комментарий
Мұхтар Шаханов ағамыз бұл атаққа 1991 жылдан бері лайықты емес пе ағайын.