Мен Жезқазғанның ең көрікті өңір болатынына сенемін – Тоқаев
Мемлекет басшысы Ұлытау облысының даму перспективаларымен танысты.
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали Президентке облыстың әкімшілік орталығы Жезқазған қаласының және өңірдің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Экологиялық ахуалдың нашарлауы, аймақ арқылы өтетін республикалық жолдардың тозуы, экономиканың әртараптандырылмауы немесе ірі кәсіпорынға тәуелділік, инженерлік коммуникация жүйелерінің ескіруі және әлеуметтік сала өңірдің негізгі проблемалары ретінде атап өтілді.
Берік Әбдіғали Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу үшін мемлекеттік университет, қосымша білім беру орталығын, сапалы мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерін және филармония залын салу қажет екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды.
– Қала барлық жағынан тартымды болуы керек. Жұмыс өте көп. Мен Жезқазғанның, облыстың ең көрікті өңір болатынына сенемін, – деді президент.
Мемлекет басшысы алдағы ауқымды жұмыстар үшін бұл қаржының жеткіліксіз болатынын айтып, бөлінетін қаржыны көбейту туралы ұсынысын жеткізді.
– Мен мына мәселеге тоқталғым келеді. Облыс әкімінің өңірді дамыту туралы жоспарын тыңдадыңыздар. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото ашық деректерден
Комментариев пока нет