Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмат Шанинге ескерткіш орнатылады
Қостанай облысының Торғай ауылында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына, сондай-ақ Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш және Жұмат Шанинге бюст орнатылады.
Бұл туралы ҚР МСМ баспасөз қызметі хабарлады.
Құрамына белгілі мүсіншілер, суретшілер, зергерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері кіретін Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия республикалық конкурстың қорытындысы бойынша жобалау жұмыстарын қарап, мақұлдады.
– Ескерткіштер – тарихи жадымызды жаңғыртуда және қоғамдық сананы қалыптастыруда ерекше мәнге ие. Сондықтан жоспарлаудан бастап ескерткіштерді орнатқанға дейінгі жұмысқа мұқият қарау өте маңызды. Комиссия тобы мүсіндердің жұмсақ материалдан жасалған толық көлемдегі нұсқасын жан-жақты қарастыруы қажет, – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Комиссия мүшелері Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстары әкімдіктерінің идеялық ұсыныстарын бірауыздан қолдады. Аталған өңірлерде Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаға, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовқа, Нияз батыр Сайдалы Барқыұлына, ІІ Дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Жақсыбек Оңшыбаевқа және түрік саясаткері, мемлекет қайраткері Аднан Мендерске арналған ескерткіштерді жобалау жоспарланған.
Комиссия мүшелері Сартай Байжанұлына арналған «Сартай батыр – мың бала» ескерткішінің жобалық жұмысын қабылдамады, жоба қайта пысықтауды қажет етеді. Сондай-ақ, жиында сарапшылар монументалды өнер саласындағы өзекті мәселелерді де талқылады.
Фото ашық деректерден
Комментариев пока нет