Назарбаевтың егемендікке жетуге қосқан елеулі үлесі бар – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады.
– Баршаңызды еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әлем мойындаған, құрмет тұтқан мемлекет атанғанын атап өтті.
– Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ең бастысы – біз бабалар аңсаған азат елге айналдық. Әлем мойындаған, құрмет тұтқан мемлекет атандық. Мұның барлығы – бүкіл халқымыздың ортақ еңбегінің жемісі. Республика күнінің басты құндылығы – осында. Біз әділеттілік туралы айтсақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің егемендікке жетуіне қосқан елеулі үлесі жөнінде айтуымыз керек. Түптеп келгенде, тәуелсіздікке қалай қол жеткізіп, баянды ете алғанымыз маңызды. Өкінішке қарай, бұл күн елімізде біраз жыл өз деңгейінде атап өтілген жоқ. Бірақ, тарихи әділдік орнады, – деді президент.
Фото: Reuters

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.