Неліктен ресейліктер жақын туыстарына қарағанда, Путинді көбірек жақсы көреді? - Exclusive
Поддержать

Неліктен ресейліктер жақын туыстарына қарағанда, Путинді көбірек жақсы көреді?

«Ресей провинцияларында гүлге арналған көгалдарға ендігі жерде картоп отырғыза бастады.  Соғыс аяқталып тынатын болса да, бұрынғы өмірдің енді қайтып оралмайтынын халық жақсы түсінеді», – деді Новосібір қалалық кеңесінің тәуелсіз депутаты Хельга Пирогова Exclusive.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Новосібір қалалық кеңесінің тәуелсіз депутаты Хельга Пирогова

Новосібір облысының бірнеше депутаттарының арыз-шағымдары бойынша қылмыстық қудалаудан бой тасалау мақсатында ол елден қашуға мәжбүр болған. Мұндай жағдайға үйлеріне табытпен оралған еріктілер туралы твит басты себеп болған көрінеді: «…мен олардың барлығын тірілтіп, құлақтарына қатты дауыстап, қабірге қайта жібергім келеді. Мұндай салтанатты жерлеу рәсімінің бекерден бекерге болмағаны белгілі» – дейді депутат.

«… күйеуін, бауырын, ұлын жоғалтқан жақын туыстары, жақын адамына қайғырудың орнына, билік өкілдерінің «жарты ауылды шақыруға болатындай» етіп ұйымдастырған дастарханына мәз болып, соған тәнті болып сүйсініп жатты», деп жазды Хельга жоғарыдағы эмоционалды жазбасын жойғаннан кейін.

Алдын ала мәліметтер бойынша Хельга Пирогова Грузияға бой тасалаған көрінеді. Осыдан бірнеше сағат бұрын ол Exclusive.kz. сайтына сұхбат берген болатын.

– Наразылық акциялары үшін сотталғандарға айыппұл төлеуге ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын өткізгеннен кейін, мені бірден полицияға жеткізді, полиция қызметкерлері маған армияның беделін түсіргенім үшін әкімшілік іс қозғау туралы шешім қабылдады», – дейді Хельга. Сондай-ақ Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин жергілікті әріптестеріне маған қатысты тексеру жүргізуді тапсырды. Әдеп жөніндегі депутаттық комиссияда менің іс-әрекетімнен қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері байқалатыны белгілі болды. Қазір мен оқиғаларды жіті қадағалап отырмын, алайда жақтастарым маған елден тезірек кеткенің жөн дейді.

– Интернетте әкесінің «табыт»  ақшасына «Лада-Калина» автокөлігін сатып алып, соған қуанып тұрған сәті бейнеленген ролик кең тарап кетті… Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Өкінішке орай, иә. Ресей провинциясында адамдардың басым көпшілігі жұмыссыз, жұмыс болғанның өзінде жалақысы мардымсыз, тым төмен. Елдің жартысына жуығы кәріз жүйесінсіз, көшеде өмір сүріп жатса да, «Ұлы Ресейге» тиесілі екенін мақтанышпен сезіне отырып, оның маңыздылығын жіті ұғынады. Демек, осы жерде шовинизм деген ұғым туындайды. Халықтар достығы дегеніңіз – бос ұран. Ресейдің ұлттық округтерінде  өмір сүретін достарым мұндай тақырыпта неше түрлі қорқынышты оқиғаларды айтқан болатын.

Қазақстанда да, сондай-ақ ТМД-ның өзге елдерінде де кедей адамдар көптеп саналады. Алайда, олардың Путин үшін өлуге дайын ресейлік кедейлерден айырмашылығы, ол жақта ешкім қазіргі президент үшін өмірін құрбан етуге дайын емес.

Бұған қатысты менің жеке теориям жоқ, мен тарихшы да, әлеуметтанушы да емеспін, тек өз бақылауларыма ғана сене аламын. Барлығы Ресейде әрқашан «патша үшін өлуге» дайын қандай да бір тарихи заңдылық жайлы айтып жүр…

– Яғни, ресейліктер өздерінің қаза болған жақын туыстарына қарағанда,  Путинді  көбірек жақсы көре ме?

– Бұл сұраққа менің жауабым жоқ. Бұл жағдай менің миыма қонбайды. Жақында біз Украинада қаза болған бауырына берілген төлемдерге түсініктеме бере отырып, бауырының шаруашылықта түкке тұрғысыз жұмысшы болғанын жеткізген, сөйтіп басындағы несиені жауып тастаған апай жайлы басылым жариялаған болатынбыз. Ақша, қаражат мәселесі адамдарға жақынының өмірінен гөрі, анағұрлым маңызды бола түскен.

Дегенмен, ресейліктердің бәрі мұндай емес. Жақында аймақтық арналардың бірі арнайы операция тақырыбына сауалнама жүргізген-ді. Сонымен, сауалнамаға қатысқан адамдардың 59%-ы соғыс қимылдарын тоқтатуға қолдау білдірген. Бұл адамдардың моральдық тұрғыдан шаршағанын білдіреді, алайда репрессиялық машина адамдардың шындықты көпшілік алдында ашық айту үшін тәуекелге бара бермейтіндей етіп құрылған.  Сөйтіп жарты миллион рубль көлемінде айыппұл салуы әбден мүмкін, ал орташа жалақы 30 мың рубльді құраған жағдайда мұндай айыппұлды төлеу мүмкін емес екені белгілі.

Илья Яшин, Алексей Горинов, Андрей Пивоваров сияқты атышулы әйгілі тұлғалармен байланысты резонанстық істердің де бар екені анық. Олар бас бостандығынан айыру қаупі бар екенін біле тұра, ешқайда кетпеу туралы шешім қабылдады. Мен барлық адамдардың атынан сөйлей алмаймын, тек өзім үшін және мені қолдайтындар үшін ғана айта алмаймын, ал мұндай адамдардың қатарымызда көптеп саналатыны белгілі. Барлығымыз қазіргі болып жатқан сұмдықты  жүрегімізбен ауыр сезінеміз. Тіпті біз, яғни «жақсы орыстардың» өзі болып жатқан жағдайға өзімізді кінәлі сезінеміз. Дүние жүзіндегі орыстарға деген теріс көзқарасты көрген кезде, мұндай сұмдық жүрегіме қанжардай қадалып қатты қынжыламын, алайда әлемге орны толмас қайғы әкелетін мұндай адамдардың, менің еліме деген сезімін мен жақсы түсінемін.

–  Мұндай құндылық алшақтығы сіздің отбасыңыздың басында болып өтті ме?

– Біздің отбасымызда теледидарды үзбей көретін жалғыз адам – әжем. Тысқа  шықпауына байланысты теледидар әжем үшін жалғыз ғана ақпарат көзі саналады. Бірақ онымен мұндай тақырыпқа сөз қозғамауға тырысамын. Мен үшін ол қымбат адам, оны қайта көндіру мүмкін емес екенін жақсы түсінемін де, үнсіз қала беремін.

–Адамдардың көңіл-күйінде үгіт-насихат жұмыстары қандай рөл атқарады?

Әрине, оның үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. 2014 жылдан бастап мемлекеттік теледидар арналары бір жағынан адамдарды өзіне тарта бастаса, ал екінші жағынан алғанда ойыңды еркін білдірме, саясатпен айналысу қауіпті сияқты жанама түрде шабыттандыра бастады. Осылайша біздің ерекше «ми батпағымыз» пайда болды. Көптеген ауқатты адамдар билікпен мұндай келісімдерді әдейі жасасты. Сіздер бізге өмір сүру үшін жақсы жағдай жасап жатырсыздар, ал біз ешқандай құбылысқа қызығушылық білдірмейміз, талдау жүргізбейміз, күмәндануға тырыспаймыз тәрізді мәмілелер пайда болды. Жыл сайын теледидар арналарында жалған аналитикалық, агрессияны күшейтетін насихаттық басылымдар көбейіп келеді. Осы жылдың ақпан айынан бері теледидар желісінен ойын-сауық бағдарламалары мүлдем жоқ болып кетті, тек жаңалықтар мен «аналитикалық» бағдарламалар ғана қалды. Яғни, мемлекеттен өзгеше, басқа да көзқарастардың ықтимал мүмкіндігін жою үшін адамдардың бойына қажетті ақпараттарды  қарқынды түрде дарытып жатыр. Өкінішке орай, үгіт-насихат жұмыстарымыз жақсы жұмыс істеп жатыр деп мойындай алмаймын. Экран алдында сөйлейтін адамдар халыққа өте сенімді көрінеді, сөйтіп көрермен оларға сене бастайды, осылайша адам санасында басқаша болуы мүмкін емес деген ой қалыптаса бастайды. Әлем картинасы олардың саналарында орын алғаны соншалықты,  адамдар мұндай құбылыстар қалыптасқан даяр сөз орамы емес, біздің ойымыз бен сезімдеріміздің жемісі деп ойлайды.

Неліктен ресейліктер теледидар көргенді  қатты ұнатады?

– Өйткені миға қандай да бір допинг керек, позитивті күшейту қажет, ал көптеген ресейліктердің киноға, театрға бару, демалыста жаңа эмоция алу, экскурсияға бару, тым болмағанда велосипед тебу тәрізді материалдық мүмкіндігі де, уақыты да, тіпті мұны басқа жолмен алуға деген құлшыныстары да жоқ. Есесіне, үйлерінде теледидар бар. Жұмыстан шаршап келеді де, түймешікті басып жіберіп, рахатқа бата бастайды.

–Ресейліктердің басым көпшілігінің қазіргі тұрмыс-тіршілігі қалай? Олар санкциялардың әсерін сезінді ме?

– Әрине, барлық жерде болған өзгерістер сияқты азық-түлік пен тауар бағасы да айтарлықтай өсті. Ресей аумағында халықаралық компаниялар өз қызметін тоқтата бастады, отандық бизнес құлдырау үстінде. Алайда мен үшін мұндай жағдай өздеріне  жай демалу үшін саяжай жасап алуға мүмкіндік жасай алатын кедей болып саналмайтын адамдардың, бұрын гүл өсірген көгалдарға ендігі жерде картоп еккені үлгі тұтарлық оқиға болды. Соғыс қимылдары аяқталып тынатын болса да, бұрынғы өмірдің енді қайтып оралмайтынын халық жақсы түсінеді. Ең бастысы бұған дейін болған материалдық байлықты ғана емес, сондай-ақ әлемдегі беделді де қайтадан қалпына келтіруге тура келеді.

Сіздің ойыңызша, орыстар Украинадағы геноцид үшін өкінетін бола ма?

– Егер теледидардан мұндай әрекетті жасау керек десе, жасайтын болады. Бұған қоса шынайы, шын жүректен…

Мерей Сугирбаева




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.