Оралхан Бөкейдің әдеби мұрасы талай ұрпаққа рухани азық болады – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған конференция қатысушыларына құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.
– Сіздерді көрнекті жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толуымен құттықтаймын! Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға. Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді. Оның «Қайдасың, қасқа құлыным», «Қар қызы», «Ұйқым келмейді», «Атау кере» және басқа да туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына құнды қазына болып қосылды. Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары еліміздің іргелі өнер ордаларында қойылып, көрермен көзайымына айналды, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев жазушының мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болатынын ерекше атап өтті.
Фото: aqorda



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.