«Ресми жауап бермейміз»: СІМ өкілі Украина жеріндегі киіз үй туралы айтты
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Буча қаласындағы киіз үй туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Exclusive.kz.
«Киіз үй тігуде тұрған ешқандай мәселе жоқ. Киіз үй – көшпенділердің дәстүрлі баспанасы. Ол оңай жиналады, оңай тасымалданады, экологиялық түрде таза. Бұл украин халқына көмектесуге шешім қабылдаған қазақстандық меценаттардың жеке бастамасы. Біз оған түсініктеме бере алмаймыз немесе тыйым сала алмаймыз. Бұл процеске елшілік қатысқан жоқ. Қазір Украинада жағдай күрделі, мүмкін сондықтан бұл ақпарат басқаша көрініп жатқан шығар. Сондықтан біз бұл жерде мәселе бар деп айта алмаймыз. Киіз үй – бұл киіз үй. Біз керісінше, киіз үйіміз бар екенін мақтан тұтамыз», – деді Смадияров.
Еске салайық, бұған дейін Украинаның Буча қаласында қазақтың киіз үйлері тігілгені туралы ақпарат тараған еді. Негізгі мақсат – жылу, жарық және тарығып отырған тұрғындардың мұқтаждығын өтеу.
Фото: ашық дереккөз

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.