Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық белең алады – президент
Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Exclusive.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттердің іске асырылуына және Президенттің бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударылды.
Тоқаев Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысы екенін баса айтты.
– Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек, – деді президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы ескерткіш қою мәселесіне де тоқталды.
– Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар. Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда
Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.