Шекара, су мәселесі, тұтастық: Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінде не айтты?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуіне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен маңызды іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
– Ең алдымен, қонақжайлық көрсетіп, Ыстықкөлдің көркем табиғатында осындай маңызды іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті құрметті Садыр Нургожоевич Жапаровқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің Консультативтік кездесуіміз халықаралық саясаттың маңызды факторына айналды. Бұл жиын аталған аймақтың алдағы даму бағытын өзара сенімге негізделген рухта айқындауға мүмкіндік береді. Құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өткен кездесуіміз Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысымызды білдіреді. Мемлекеттеріміздің жан-жақты жақындасуы уақыт талабынан туындап отыр және бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне толық сай келеді. 2018 жылы Қазақстанда өткен бірінші Консультативтік кездесуден бері өңірлік ынтымақтастық барлық бағыт бойынша тұрақты түрде нығайып келеді. Шынайы тату көршілік және одақтастық рухындағы қатынастарды қарқынды дамытуға бағытталған мемлекетаралық саяси диалог мүлде жаңа деңгейге көтерілді, – деді мемлекет басшысы.
Президент климаттың қазіргі сын-қатерлері, су және энергетика ресурстарына сұраныстың артуы туралы мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, Аралды құтқару халықаралық қоры аясында мемлекеттердің өзара іс-қимылын жандандыруға шақырды.
– Күш-жігерімізді жұмылдырмай, Орталық Азиядағы климаттың өзгеру салдарын еңсеру мүмкін емес. Сондықтан бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру үшін Қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы климаттың өзгеруіне қатысты келісілген саясат жүргізу жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынамыз. Мүмкіндікті пайдаланып, осы өзекті мәселеге қатысты аса маңызды деректер келтіре кетейін. Үкіметаралық сарапшылар тобының климаттың өзгеруі жөніндегі 1,5 градус туралы арнайы баяндамасында ғасыр соңында Орталық Азиядағы температура Цельсий бағаны бойынша 6 градусқа дейін көтеріледі деп болжанған. Бұл жаһандық температураның болжамды көтерілуінен екі есе артық. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 2724 мұздық бар. Ең үлкені Тұйықсу мұздығының көлемі соңғы 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген. Бұл мұздық жыл сайын 58 миллион тонна көлемінің шамамен 1 миллион тоннасын жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20 пайыздан астам азаюына алып келеді. Сондай-ақ, Аралды құтқару халықаралық қоры аясында мемлекеттеріміздің өзара іс-қимылын жандандыруға шақырамыз. Оның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі аймақтық жұмыс тобындағы қырғыз тарапының жұмысын оң бағалаймыз. Аталған Қор аясында қырғыз тарапымен арадағы толыққанды ынтымақтастықтың қайта жаңғыратынына сенім білдіреміз, – деді Тоқаев.
Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде Орталық Азиядағы ынтымақтастық мәселесіне назар аударды.
– Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ынтымақтастық жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл бәріңізге белгілі. Соған қарамастан, қарым-қатынасымыздың уақыт сынына төтеп беретініне және күрделі геосаяси жағдайда орныға түсетініне сенімдімін. Аймақ елдері халықаралық шиеленіс күшейе түскен бетбұрыс кезеңде өздерін лайықты ұстай алады. Бұған прагматикалық және теңгерімді сыртқы саясатымыз ықпал етеді. Елдеріміздің аумағы ежелден өркениеттер арасындағы алтын көпір қызметін атқарған. Менің пікірімше, қазіргі уақытта да Орталық Азияның маңызды миссиясы – жаһандық саясат пен экономиканың бәсекелесуші полюстері арасында дәнекер болу. Ерте ме, кеш пе күрделі геосаяси қайшылықтар кезеңі аяқталады. Арадағы алтын көпір қызметі қалады және бауырлас халықтардың келешек ұрпағы үшін теңдессіз мұраға айналады. Ортақ мүдделерді ескере отырып, мынадай іргелі міндеттерді шешуге мән беруді ұсынамын. Қауіпсіздік пен дипломатия салаларындағы өзара іс-қимылдарды нығайту күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала береді. Бұл Орталық Азия халықтарының өркендеуіне тиісті жағдай жасау үшін өте қажет. Орталық Азия орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуға, жан-жақты ынтымақтастыққа, бейбітшілік пен өркендеуге ұмтылған ауқымды аймаққа айналуы қажет. Қауіпсіздікке төнетін қатердің алдын алу жөніндегі шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін Қауіпсіздік Кеңесі Хатшыларының тұрақты консультациялар механизмін іске қосқан жөн. Бұдан бөлек, өңірлік және халықаралық проблематиканың маңызды мәселелеріне қатысты келісілген әдістерді әзірлеу үшін сыртқы істер министрлеріне, кемінде жарты жылда бір, тұрақты түрде кеңес өткізуге тапсырма беруді ұсынамын, – деді президент.
Фото ашық деректерден
Комментариев пока нет